Шымкентте дүкендерге шатыр арқылы кірген әккі ұры ұсталды

Шымкенттегі саяжайлардың бірінің аумағында орналасқан дүкендерге шатыр арқылы кіріп жүрген әккі ұры ұсталды, деп хабарлайды  Polisia.kz сайты.

 

Абай аудандық полиция бөліміне бірдей мазмұнда үш арыз түскен. Зардап шеккендер – «Қайнар бұлақ» саяжайының аумағында орналасқан дүкен иелері. Сауда нүктелеріндегі ұрлық түнгі уақытта жасалған. Барлық жағдайда күдікті ғимараттардың шатырын ашып, төбені бұзу арқылы ішке кірген.

Ұры екі дүкеннің кассасынан жалпы сомасы 130 мың теңге жымқырады. Ал, үшінші кәсіпкерден смартфон, ақша және сөредегі алкогольдік сусындар мен темекі өнімдерін қолды еткен. Оған келтірілген шығын 1 млн теңгеден астады.

Аға тергеуші Бибарыс Багов әріптестерімен бірге қылмыс орындарын, жәбірленушілердің айғақтарын мұқият зерттеп, барлық куәгерлерден жауап алды. Бейнебақылау камераларының көмегімен полицейлер күдіктінің жеке басын анықтады. Ол бұрын осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін жауапкершілікке тартылған жергілікті тұрғын болып шықты. Қабылданған шаралардың нәтижесінде жас жігіт ұсталып, қамауға алынды.

Күдіктінің саяжайдағы тағы екі ұрлыққа қатысы бар екендігі анықталды. Ол алғашында үй ауласынан велосипед ұрласа, кейін зейнеткердің үйінен ұялы телефоны мен киім-кешектерді жымқырған.

ҚР ҚК-нің 188-бабы 3-бөлігі (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта іс-құжаттары барлық жиналған дәлелдемелермен сотқа жолданады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *