Кентауда мазаратқа қойылған көктастарды бояп тастаған 11 жасар бала тергеліп жатыр
Кентау қаласында мазарат ішіне жерленген адамдардың көктастары бүлдірілгендігі туралы әлеуметтік желіде суреттер жарияланды. Онда көктастағы адам бейнелері көк түспен боялып, кей жерлерге анайы сөздер жазылғанын көруге болады.
Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған жайт ҚР ҚК-нің 294-бабы 1-бөлігі «Вандализм» бойынша тіркеліп, тергеу амалдары басталғандығын мәлімдеді.
«Жан-жақты атқарылған іс-шаралар нәтижесінде теріс қылықты жасаған 11 жасар кентаулық жасөспірім анықталды. Баланың үйі мазарат маңында орналасқан. Үйінен ойнап шыққан жеткіншек, мазараттан көк түсті бояу тауып алып, бірқатар жерленген адамдардың көктасын, олардың қоршауын бояп шыққан. Ал әкесі ұлының балалықпен жасаған іс-әрекетіне өкініп, кешірім сұрады. Қазіргі уақытта оқиғаның толық мән-жайы анықталуда» — делінен ақпаратта.