Түркістан облысында карьерлерге жаппай тексеру жүргізіліп жатыр

Түркістан облысында жер қойнауын заңсыз пайдаланушыларға қарсы күрес күшейтілді. Облыс аумағында 100-ден астам карьерлердің жұмыстары жаппай тексеріліп жатыр. Рейдтік шаралар өткізіліп, заңсыздыққа жол берген кәсіп иелеріне айыппұл салынуда. Жыл басынан бері келісімшарттық міндеттемелерін толық орындамаған және су қорғау белдеуінде орналасқан 11 жер қойнауын пайдаланушының келісімшарттары мерзімінен бұрын тоқтатылды.
Түркістан облысының әкімдігінде өткен мәжілісте өзендердің арнасын бұзып, тау-тасты, тарихи орындарды қопарып, заңсыз құм, тас және өзге де пайдалы қазба алып жатқан кәсіпкерлердің әрекеті өткір сыналды.
Облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың баяндауынша, Сайрам ауданының аумағындағы 3 жер қойнауын пайдаланушы Ақсу өзенінің су қорғау белдеуінде орналасуына байланысты келісімшарттарының қолданысы мерзімінен бұрын тоқтатылған.
Сондай-ақ «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің ерекше қорғалатын аумақтарына кіруіне байланысты Арыс қаласының аумағында орналасқан үш жер қойнауын пайдаланушымен арадағы келісім шарт бұзылған. Ордабасы, Сауран, Төлеби және Түлкібас, Шардара аудандарында орналасқан кен орындарының су қорғауы белдеуіне орналасуына және келісімшарттық міндеттемелерін орындамауына байланысты келісімшарттың қолданысы мерзімінен бұрын тоқтатылған. Ендігі жерде табиғатқа залал келтірген мекемелер қазған жерді тегістеу керек.
«Халықпен кездесу кезінде де осы мәселе жиі көтеріледі. Тұрғындарымыз заңсыз карьерлерден зардап шегуде. Карьер қазғаннан өзендер мен бұлақтар тартылып жатыр. Оның үстіне ауыр көліктер миллиардаған қаражатқа салынып жатқан тасжолдардың тас — талқанын шығарып жатыр. Оларды қорғағандардың өзін қылмыскер деп санаймын», — деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *