Түркістанда туристер сатып алатын бұйымдар жоқ — Дархан Сатыбалды

Түркістанда туристер сатып алатын бұйымдар жоқ. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан қаласының тұрғындарымен кездесуінде осы бағыттағы жобаларды көбейту қажеттігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін облыс әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан қаласының тұрғындарымен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берді. Жиынға қатысқан көпшілік қаладағы өзекті мәселелерді сөз етіп, сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтты. Қала тұрғыны Жанаркүл Мейірбекова бизнес жобаларға арналған қайтарымсыз грантқа бөлінген көлемді көбейтіп беруді сұрады. Бұл мәселеге жауап берген Дархан Сатыбалды туристерге керекті жобаларды көптеп жасау керектігін жеткізді.

«Рухани орталығымыз Түркістан деп отырмыз. Қазақстандағы туристер ең көп келетін қала. Көп туристер, көп әріптестеріміз келген кезде «туристер алатын бұйымдар жоқ» деп айтады. Қолдан тоқылған кілем жоқ дейді. Сіздерден сондай жобалар болса, бағдарламадан бөлек, жергілікті бюджеттен арнайы қаржы шығарып беруге дайынмын. Бірақ, жобада туристерге арналған бұйымдар болу керек», — деді облыс әкімі.

Жалпы, Түркістанға шет елдерден және еліміздің аумақтарынан келетін туристердің саны өскен. Түркістан қаласындағы халықаралық әуежайдан былтыр Ыстамбул және Кувейт бағытына тікелей рейстер ашылды. Қазан айында Абу-Дабиге тікелей рейс ашылмақ. Мәскеу, Анталья, Тбилиси, Самарқанд қалаларына рейстер ашуға Үкіметке ұсыныс енгізілді. Ішкі бағытта Астана мен Алматыға рейстер саны да көбейтіліп отыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *