Қарабұлақ ауылында берекені бірліктен тапқан халық тұрады
Сайрам этникалық құрамы жағынан көпұлтты аудан болып табылады. Онда бүгінде 40-тан астам ұлт пен ұлыстың өкілдерінің ынтымақта өмір сүріп жатқанын мақтаныш етуге болады. Статистикалық деректерге сүйенсек, аталмыш ауданында тұратын этнос өкілдерінің 62934-і қазақ, 4483-і орыс, 165182-і өзбек, 1355-і әзірбайжан, 46-ы тәжік, 370-і татар, 3527-і түрік, 359-ы кәріз, 305-і украин, 1346-ы күрді 87-і неміс, 13-і ұйғыр, біреуі шешен, жетеуі қырғыз ұлтының өкілі. Олар өңірдің өсіп-өркендеуіне қосып отырған үлестері сүбелі. Әсіресе, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы салаларында табысты еңбек етіп келе жатқан этнос өкілдері жетерлік.
Біздің айтайын дегеніміз, аудан аумағындағы Қарабұлақ ауылында бүгінде 55 мың халық тұрады. Тұрғындардың 99 пайызы өзбек ағайындар құрайды. Дегенмен, Қарабұлақ ауылындағы көшелер бойына ілінген көрнекілік ақпараттық жазбалардың барлығы түгелдей мемлекеттік тілде жазылған. Қазақтың ата-бабамыздан бүгінге мұра болып қалған нақыл сөздері мен ақын-жазушылардың кесек-кесек ойлары көпшіліктің назары түсетін жерлерге жазып қойылған.
Бұл жүзі басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір тұрғындардың қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпына, құндылықтарына құрметпен қарайтынын білдіреді. Расында олардың татулығы мен ынтымағына, сыйластығына сызат түскен емес. Әрқашан да бір-бірімен берік қарым-қатынас орнатып, бейбіт еліміздің берекесін айрандай ұйытып отыр. Мұның бәрі әрине мемлекетімізде жүргізіліп жатқан сарабдал саясаттың жемісі екенін білдіреді.
Орайы келгенде, Қарабұлақ ауылы туралы толығырақ жаза кетейік. Өйткені, кезінде Сайрам ауданындағы ең үлкен мешіт және Қазақстандағы ең үлкен мал базар осы Қарабұлақта болған. Жалпы Қарабұлақ аймағы дегенімізде — күн шығыстағы Машат өзенінен, күнбатыстағы Ақтан ата Ақсу-ға дейінгі кең алқап көзге елестейді. Қарабұлақ Исфиджабтың ең үлкен кенті (қалашығы) болғаны тарихтан мәлім. Исфиджаб шахарының тарихына 7000 жыл болған болса, Карабұлақ өңіріне адамдардың қоныстанып, өмір сүре бастағаны одан да ілгері уақытта болғаны туралы тарихи деректер бар.
Сонымен қатар Қарабұлақ Ұлы Жібек жолы бойының күре тамырында орналасқан бірден-бір кент болғаны жалпыға мәлім. Ақсу өзені (Бойза, Юран-Ярва қорқынышты деген мағынаны білдіреді екен. Бұл әсілі өзеннің ағысының күштілігіне байланысты айтылса керек) Сығанақтан басталған керуен жолы Исфиджабтан өтіп Ақсулат (Жошыхан) төбесінен — Күлтөбе, Сортөбе (Шарап), Құлан (Кайнарбасы) арқылы Тараз, Қытайға бет алған. Қарасуды бойлап Бекжота, Ханқорған, Ақмешіт арқылы Отырарға барған. Демалыс аймағы жанындағы Ақсулат, Сортөбе, Құланкент, Аққорған, Ханқорған, Құлкент, Ақсарай және тағы да басқа кіші елді мекендердің орны күні бүгінге дейін сақгалған.
Қарабұлақ тарихта Қытай, Тұран, Иран және өзге де елдердің саудагерлерінің тоғысатын орны ретінде қарастырылған, Тарихтағы атақты жіhангерлер: Кир, Ескендір, Шыңғыс хан, Әмір Темір, Қара хан, Оғыз хан осы өлкеден өткені тарихтан белгілі.
Бүгiнде аталмыш ауылда кәсiпкерлiк нысан өте көп. Ал, соңғы жылдары кiшiгiрiм қала тақылеттес кентте мал бордақылау iсiн күрт дамытудағы өнегелi де толымды тiрлiгi кеңге таныла бастады.
Төрт түлiк бағып, семiртумен бірнеше фермерлiк шаруашылық шұғылданады. Олардың кiшiсiнде кемiнде 100, iрiсiнде мыңға тарта мал бордақыланады. Ауылдың еңбекке қабiлеттi адамдары осы егiн, мал шаруашылығында, халыққа қызмет көрсететiн орындарда, басқа да әлеуметтiк салаларда нәпақаларын тауып, тұрмыстарын түзеп жүр. Қарабұлақтағы мал шаруашылығы кәсiбiнде төрт түлiктi бордақылау өндiрiсiн өрiстетуге шұғыл жасалған бетбұрыстың тамаша нәтижесi бұл күнде аудан, облыс асып, республикаға танылып үлгердi.
Ауыл округiнде мал соятын бекеттерден тәулiгiне бірнеше тонна ет елiмiздiң түкпiр-түкпiрiне жөнелтiледi. Қарабұлақтың семiз де сапалы етiн Сайрам ауданының бiрқатар елдi мекендерi, облыстың Арыс, Шымкент, Түркiстан, Кентау қалалары алады. Жамбыл облысының Тараз, Жаңатас қалалары, Ақтөбе,Қарағанды, Алматы, Астана, Қызылорда, Байқоңыр қалалары тұтынады. Оларға ет жiберу келiсiмшарт тәртiбiмен жүйелi түрде жүзеге асырылады.
Айта кетейік, 1999 жылы алынған статистикалық деректер Қарабұлақта жергілікті тұрғындар саны 28669 адам (14731 ер адам және 13938 әйел адам) деп көрсетілсе, 2009 жылы бұл көрсеткіш 35301 адамды (17973 ер адам және 17328 әйел адам) құраған екен.
Жалпы Сайрам ауданы 1928 жылы құрылған. Жерінің аумағы 1,7 мың шаршы шақырымды құрайды. Тұрғын саны 241,8 мың адамнан асады. Аудан аумағындағы 73 елді мекен 17 ауылдық округке біріктірілген. Орталығы — Ақсу ауылы.