Молдаван қызы Наталья қазақ тіліне жетік
Сайрам ауданыв Ақсукент ауылындағы М. Мақатаев атындағы жалпы орта мектепте түрлі ұлт өкілдері жұмыс істейді. Жалпы Сайрам этникалық жағынан алғанда көп ұлтты аудан болып табылады. Мұнда бүгінде қазақ, орыс, өзбек, әзірбайжан, тәжік, татар, түрік, кәріс, украин, күрді, неміс, ұйғыр, шешен, қырғыз ұлтының өкілдері тату-тәтті тіршілік кешуде. Олар әртүрлі салаларда жетісті еңбек етіп, еліміздің дамуына да өз үлестерін қосуда. Солардың бірі – аталмыш мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істейтін Казимчик Наталья.
Натальяның ұлты – молдаван. Қазақ тілін өз бетінше үйренген. Түрлі курстарға қатысып, білімін толықтырған. «Еліміздің болашағын ойлаған әрбір қазақстандық қазақ тілін білуі керек. Мәселен, мен үшін Қазақстанда тұрып қазақ тілін білмеу ұят. Әрі мен балаларға тәлім-тәрбие беретін, олардың сауатын алшатын ұстазбын ғой. Сондықтан, бәрінен бұрын менің қазақ тілінде еркін сөйлеуім керек деп ойлаймын», — дейді Наталья.
Айта кетейік, бүгінде мемлекетімізде Еуразия континентіндегі барлық этностардың өкілдері тұрады. Тарихшылардың әлеуметтік жеіге жариялаған мәліметтеріне сүйенсек, 1920 жылы Қазақстанда 30 этнос өкілі болған. Ал, 1970 жылғы халық санағы бойынша олардың саны 114-ке жеткен.1986 жылы — 120. 1999 жылы Тәуелсіз Қазақстандағы санақ бойынша елде 130-ға жуық этнос өкілі тұратыны анықталған. Қазіргі таңда елімізде 140 этнос өкілі бірлік пен татулықта күн кешуде.