Асхат ағаны татар емес, қазақ дерсіз
Сайрам этникалық құрамы жағынан көпұлтты аудан болып табылады. Онда бүгінде қазақ, орыс, өзбек, әзірбайжан, тәжік, татар, түрік, кәріс, украин, күрді, неміс, ұйғыр, шешен, қырғыз ұлтының өкілдері тату-тәтті тіршілік кешуде. Біз ауданда тұратын 40-қа жуық ұлт пен ұлыстың ынтымақта өмір сүріп жатқандарын қашан да мақтан етеміз. Жүзі басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір тұрғындар қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпына, құндылықтарына құрметпен қарайды. Татулығы мен ынтымағына, сыйластығына сызат түскен емес. Шүкір.
Кейіпкеріміз Гарифулин Асхат Газаирұлының ұлты – татар. Асхат ағамыз 1961 жылдың 12-желтоқсанындаСайрам ауданы Ақсукент ауылында дүниеге келген. Әкесі Газаирді көзі көргендерұзақ жылдар бойы ауданда сауда-саттықпен айналысқан, еңбекқор жан болғанын айтады. Асхат аға да әр кез әкесінің жүрген жолымен жүруге, әкісіндей болуға талпыныпты. Жастайынан білімге құштар, зерек, алғыр ұл болып өстіпті.
Асхат аға 1979 жылы М.Горький атындағы жалпы орта мектепті бітіргеннен кейін 1980 жылы әскер қатарына алынады. Отан алдындағы борышын өтеп келген жас сарбаз Манкенттегі жиһаз жасау цехына жұмысшы болып жұмысқа орналасады. Одан кейін Қазақ ауылшаруашылық институтына түсіп, оқуын ойдағыдай аяқтайды. Елге келгеннен кейін «Победа» ұжымшарының жылыжайында өсімдік қорғау агрономы болып қызмет етті. Аудандық комсомол комитетінің 2-ші хатшысы қызметін атқарды. Ал, 1999 жылдан бастап аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінеауысып, аудан тұрғындарына қалтықсыз қызмет етіп келеді.
Жалпы халықтың мүддесіне қызмет ету жауапкершілігі зор жұмыс. Өйткені, халықтың сенімі мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік қызметті қаншалықты сапалы көрсеткендігіне қарап нығаяды. Асхат аға осы жауапкершілікті жан жүрегімен сезіне білген адам. Әрине, оның бұл еңбегі нәтижесіз де емес. Ол аудан экономикасының өркендеуіне үлес қосқаны үшін «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» медалімен және облыс, аудан әкімдерінің Алғыс хаттарына ие болды.
Асхат ағаның көпке үлгі етер бір қасиеті оның қазақ тілінде өз ана тіліндей еркін сөйлейтіндігінде. Бұл оның қазақ халқының тіліне, салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпына, құндылықтарына деген құрметін көрсетеді.
Асхат ағаның шаңырағында 2 қызы мен 1 ұлы өсіп келеді. Реті келгенде біз оның балаларының да қазақ тілінде еркін әрі таза сөйлейтінін айта кетейік. Асхат аға ауданда тұратын өзге ұлт өкілдерінің бір шаңырақ астында тату-тәтті, ауызбіршілікте тіршілік етіп жатқанына қуантатынын айтады. «Қазақ бауырлардың татар ұлтына деген құрметі болар, татар жазушысы Мұса Жәлелдің атына арнайы көше берілген» деп қазақ халқына ризашылығын да жеткізді.
Сайрам ауданында түрлі ұлт өкілдерінің этномәдени бірлестіктері жұмыс істейді. Соның бірі – татар-башқұрт этномәдени бірлестігі. Асхат аға өңірдегі ынтымақтың ұйытқысы болып отырған этномәдени бірлестіктердің жұмысын жандандырып отырған мемлекетке айтар алғысы шексіз.
Орайы келгенде айта кетейік, ҚазақстанРеспубликасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев 1990 жылдың басында барлық этномәдени орталықтарды бір ұйымға Қазақстан халқы ассамблеясына біріктіру идеясын жария еткен болатын. Содан кейін еліміздің түкпір-түкпірінде Қазақстан халқы ассамблеясы құрылды. Оның құрамына этникалық және мәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кірді. Олар ұлтаралық татулық пен бірлікті сақтауда, келісімді нығайтуда, салт-дәстүрді насихаттауда аянбай еңбек етіп келеді.
Тәуелсіздікпен бірге шаңырақ көтерген татар-башқұрт этномәдени бірлестігі аталған жылдар ішінде еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосып келеді. Бүгінде бірлестіктің мүшелері әртүрлі салада қызмет атқара жүріп, елдің дамуы, бірлігі жолында көптеген шараларды ұйымдастыруда. Бірлестік мүшелері бірлік пен бейбіт күндердің қадірін терең ұғынған. Сондықтан да өңірдегі ынтымақтың ұйытқысы болған облыстық Қазақстан халқы ассамблеясына олардың алғысы шексіз.
Жоғары айтып өткеніміздей, Сайрам этникалық құрамы бойынша көпұлтты аудан болып табылады. Түркістан облыстық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің Сайрам аудандық филиалы 2014 жылы құрылды. Қазіргі уақытта ауданда барлығы 1000-ға жуық татарлар мен башқұрттар тұрады. Олар аудан мен облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына және елдің бірлігі мен тұтастығын нығайтуға өз үлесін қосып, қоғамның түрлі салаларында еңбек етеді.
Мәселен, татар-башқұрт этномәдени бірлестігі ауданның қоғамдық өміріне белсенді қатысады. Іс жүзінде бірде-бір іс-шара бұл бірлестік мүшелерінің қатысуынсыз өтпейді десек артық айтқандық болмас. Негізгі мақсат — Қазақстанның ұлттық саясатын насихаттау және іске асыру, өзінің ұлттық тілін, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын, ең бастысы-этносаралық келісімді нығайту және дамыту. Ауданда дөңгелек үстелдер мен концерттік бағдарламалардан басқа, әлеуметтік қолдау, жастарға патриоттық тәрбие беру, этностардың мәдениеті мен дәстүрлерін сақтауға бағытталған іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Аналардан құрылған кеңестер өскелең ұрпақты ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға сыйластық сезімін қалыптастырып, отбасылық құндылықтарды насихаттайды. Көпұлтты мемлекетімізде жалпыұлттық бірлігіміз бен келісімді сақтауға мейлінше ықпал етеді.