«Көпэтносты өңірде өмір сүріп жатқанымызды ескеретін болсақ, бұл біз үлкен маңызға ие мәселе»

Аналар кеңесі Ассамблеяның заңды құрылымдарының бірі. Олар өз қызметін еліміздің үлкен қалаларынан бастап әрбір шағын елді мекенінде жүзеге асырады. Облыс, республикалық маңызы бар қалаларда Қазақстан халқы Ассамблеясының қамқорлығымен Қоғамдық келісім кеңестерін құрылған болатын. Сол кезде елімізде Қоғамдық келісім кеңестерімен қатар Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан Аналар кеңестері құрыла бастады. Негізінде, кейбір тұрмыстық мәселелерді шешу, тәрбиелеу мәселелерін талқылау, ұлттық құндылықтарды сақтау бағытында жұмыс істеу үшін аналар жиналған түрлі одақтар, кеңестер, бірлестіктер бұрын да болған.

ҚХА жанындағы Аналар кеңестері елімізде ұйымшылдықпен бір мезгілде, шамамен бір-екі ай ішінде құрылған болатын. Бірден олардың қызметін бірыңғай форматқа келтіру, жұмыстарының бағытын айқындау бойынша ой-пікірлерді ортаға салып, бір арнаға тоғыстыру қажеттігі байқалды. Сөйтіп, 2014 жылғы 13-14 қарашада елордада Аналар кеңестерінің I Республикалық форумы болып өтті. Қазіргі уақытта еліміздің өңірлерінде 16 облыстық, 47 қалалық, 270 аудандық, 1239 ауылдық аналар кеңесі жұмыс істейді. Сондай – ақ этномәдени бірлестіктер жанынан 105, кәсіпорындарда 33 аналар кеңесі құрылды және белсенді жұмыс істейді.

Кеңестердің құрамында көп балалы аналар, патронат аналар, мемлекеттік құрылымдардың, үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері, психологиялық-медициналық мекемелер, дағдарыс орталықтарының мамандары, этномәдени бірлестіктердің, ғылыми және шығармашылық зиялы қауымның өкілдері, әйелдердің қоғамдық ұйымдарының белсенділері, медиаторлар, жастар бар.

Аналар кеңестері біздің ұлттық құндылықтарымыз жаңғыртылып, жас ұрпаққа берілетін өзіндік мектепке айналды. Жаһандану дәуірінде жастар сыртқы әлемге кірігуге ұмтылатындықтан басқа мәдениеттердің ерекшеліктерін жақсы түсінеді, бірақ өздерінің құндылықтарын онша жақсы біле бермейтіні жасырын жай емес. Сондықтан аналар кеңесінің мүшелері Қазақстан халқы Ассамблеясының жас ұрпаққа біздің ұлттық құндылықтарымыздың, әдемі де тәрбиелік мәні зор дәстүрлеріміздің мәні түсіндірілетін жобаларына қуана қатысады.

Айталық, жақында Е. Сарманов атындағы гуманитарлық агроэкономикалық колледжінің мәжіліс залында Сайрам ауданы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі «Қыздарға өнегелі тәрбие беру жолдары» атты тақырыпта кездесу өткіздік. Кездесуге Сайрам аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Ұ.Оразбаева, аудандық аналар кеңесінің мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ-ң Сайрам аудандық филиалы мамандары, кәсіби медиатор, психолог, колледж директоры, ұстаздар және студенттер қатысты.

Аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Ұлдана Оразбаева «Қыздарға өнегелі тәрбие беру жолдары» тақырыбында баяндама жасады. Жиында ана мен қыздың арасындағы қарым-қатынас, салт-дәстүр және отбасындағы құндылықтар мен тәрбиенің маңыздылығы жайлы айтылды. Сонымен қатар кездесу барысында қатысушылар өз ойларымен бөлісіп, ұсыныстарын айтты.

Біздің аудандағы Аналар кеңесінің мұндай шаралары өте көп. Мәселен, «Отан отбасынан басталады», «Отбасы – мемлекеттің тірегі» атты тақырыптарда семинарлар өткізді. Ал, жоғарыда атап өткен қыздарға арналған тәрбие сабақтары мен кездесулерді ауданға қарасты барлық ауыл округтерінде, елді мекендерде өткіздік. Жалпы отбасы – ұлттық мәдени кодтың, моральдық ұстанымдардың және отбасылық дәстүрлердің сақтаушысы. Құрамында аналар болатын барлық қоғамдық бірлестіктердің жұмысы ұқсас: ең басты мәселе – жас ұпақты, болашақта еліміздің тізгінін ұстар буынды тәрбиелеу мәселесі. Аналар үшін біздің жеңістерімізді, жетістіктерімізді, ең бастысы, біздің аса зор құндылығымыз – Тәуелсіздігімізді кімге табыстайтынымыз аса маңызды мәселе.

Жалпы Аналар кеңесіне мүшелікке кіргісі келетіндердің саны жылдан жылға арта түсуде. Адамның көптеген көзқарастары мен ұстанымдары отбасында тәрбиеленеді. Сондықтан Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің басты мақсаттарының бірі – отбасында толеранттылықты тәрбиелеу. Бұл – қазіргі уақыттың ең өзекті мәселелерінің бірі және көпэтносты өңірде өмір сүріп жатқанымызды ескеретін болсақ, бұл біз үлкен маңызға ие мәселе.

Зумрад Ахмедова,

Сайрам аудандық өзбек этномәдени бірлестігі жанынан құрылған

Аналар кеңесінің төрайымы,

Сайрам ауданының құрметті азаматы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *