Түркістан облысында тұрғындар үшін жайлы орта қалыптасып келеді
Бүгінгі таңда Түркістан облысындағы 712 елді мекен, яғни 85,7 пайыз немесе 1971,7 мың адам таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Өткен жылы ауыз су бойынша 55 нысанның құрылысына бюджеттен 19,2 млрд. теңге бөлініп, оның 11-і жыл соңына дейін пайдалануға берілді. Нәтижесінде 719 елді мекен, яғни 86,5 пайызы немесе тұрғындардың 95,6 пайызы ауыз сумен қамтылды. Ал, 2025 жылға дейінгі елді мекендерді сумен қамтудағы жоспар 100 пайызды құрап отыр.
Өткен жылы электр энергиясымен қамтамасыз ету бойынша 42 нысанның құрылысына 13,6 млрд. теңге қаралды. Жыл қорытындысымен 12 нысанның құрылысы аяқталып, 8,7 мың тұрғын сапалы және тұрақты электр қуатымен қамтылды. Ал қалған 30 нысанның құрылысы 2023 жылы жүргізіледі. Жалпы 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыстың 265 елді мекендегі 341,5 мың тұрғынды сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда Түркістан облысындағы 457 елді мекен табиғи газбен қамтылған. 2022 жылы 75 нысанның құрылысына 24,4 млрд. теңге бөлініп, оның ішінде 10 елді мекенді немесе 32 198 тұрғынды қамтитын 8 нысанның құрылысы аяқталды. Қалған 67 нысан 2023 жылға өтпелі болып табылады. Өткен жылдың қорытындысымен 467 елді мекенді немесе 1561 мың халықты табиғи газға қосуға мүмкіндік туды. Жалпы, алдағы 3 жылда қосымша 259 елді мекенді табиғи газға қосып, нәтижесінде 2025 жылы қамту деңгейін 722 елді мекенге жеткізу жоспарда бар.