Атырау облысында балықтың қырылу қаупі жоғары
Атырау облысында су айдындарының қураған ағаш пен өсімдіктерден тазаланбауы балықтың қырылуына әкеп соқтыруы мүмкін. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаевтың төрағалығымен өткен су айдындарында балықтың жаппай қырылуының алдын алу жөніндегі жиында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық Балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының айтуынша, балықтардың қырылу қаупін болдырмау үшін 2021-2025 жылдарға арналған бірнеше ауқымды шара дайындалған.
«Қазір су айдындарында балық қырылуы мүмкін қауіпті аймақтардың тізімі жасақталып, бақылау жұмыстары күшейтілді. Әр тоқсан сайын атқарылған жұмыстарға талдау жүргізіледі. Орман қорының аумағындағы су айдындарында балықтың қырылу қаупі өте жоғары деңгейде сақталып отыр. Өйткені, орман қорындағы су көздері қураған ағаштар мен өсімдіктерден тазаланбаған. Бұл шабақтың еркін қозғалысына кедергі келтіріп, қырылуына әкеп соқтыруы мүмкін», — дейді Артур Сәдібекұлы.