Конституциялық реформалар – әділетті қоғамның берік негізі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі бойынша 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл бастама ел дамуының жаңа кезеңін айқындап, қоғамда кең көлемді талқылауға жол ашты.

Осыған орай елімізде «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты Жалпыұлттық коалиция құрылды. Коалиция құрамына жетекші саяси партиялар мен 300-ден астам қоғамдық ұйымның өкілдері бірігіп, Ата Заңды жаңғыртуға бағытталған бастамаларды қолдауға ниет білдірді.

Аталған коалиция мүшелері Ордабасы ауданы тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесуге Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Қайрат Балабиев, сондай-ақ коалиция өкілдері Әлиасқар Бердімұрат, Лесбек Жүсіп, Мақсат Абилхасимов және Бақытжан Бекбосын қатысты.

Іс-шара барысында Шұбар ауылдық округіндегі Д.А.Қонаев атындағы жалпы білім беретін мектептің, №18 колледждің, сондай-ақ Тоқсансай мен Жусансай жалпы білім беретін мектептерінің ұжымдарымен пікір алмасу өтті. Кездесу ашық диалог форматында ұйымдастырылып, қатысушылар өз ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Басқосуда сөз сөйлеген Қайрат Балабиев Ата Заң – әрбір қазақстандықтың құқығы мен бостандығын қорғап, елдің тұрақты дамуы мен жарқын болашағын айқындайтын басты құжат екенін атап өтті. Оның айтуынша, ұсынылып отырған конституциялық өзгерістер халық мүддесін қорғауға, адам құқықтары мен ұлттық құндылықтарды нығайтуға, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Сонымен қатар, жаңа конституциялық нормаларда экономикалық өсімді қамтамасыз ету, халықтың әл-ауқаты мен табысын арттыру мемлекеттің стратегиялық басымдықтары ретінде айқындалып отырғаны айтылды. Бұл өзгерістер елдегі саяси және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға, азаматтық жауапкершілікті арттыруға қызмет етпек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *