Төлеби ауданында «Қауіпсіз орта — бақытты бала» атты кездесу өтті
Төлеби ауданында «Заң мен тәртіп» қағидаты мен «Қауіпсіз балалық шақ» концепциясы аясында «Қауіпсіз орта — бақытты бала» атты жастармен мазмұнды кездесу өтті. Шараның басты мақсаты — жастар арасында заңға деген құрметті арттыру, тәртіп пен қауіпсіздік құндылықтарын нығайту, сондай-ақ салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау. Кездесуге ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері Нұрлан Өнербаев, елімізге танымал теолог-дінтанушы, имам Нұрлан қажы Асанов, белгілі қазақ MMA файтері, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Арман Оспанов, генерал-майор Ақжігіт Исабеков, сондай-ақ ҚР Халық Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі төрағасының Түркістан облысы мен Шымкент қаласы филиалы бойынша орынбасары Меруерт Медетбекова қатысып, жастармен еркін форматта ашық сұхбат құрды. Одан бөлек, жиынға қатысқан аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов заң мен тәртіпті сақтаған жас ертең саналы азамат болып қалыптасатынын атап өтті.
Жиын барысында спикерлер өз өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, заң талаптарын сақтау, тәртіпке бағыну, қауіпсіз балалық шақты қамтамасыз ету және зиянды әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығына кеңінен тоқталды. Сондай-ақ жастарды отансүйгіштікке, жауапкершілікке және белсенді азаматтық ұстанымға тәрбиелеу мәселелері қозғалды. Сонымен қатар, іс-шарада жастар тақырып аясында сурет салып, қоғамдағы тәртіп пен жауапкершілік ұғымдарын шығармашылықтары арқылы бейнеледі.
Форумда аудандағы білім беру саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі бен жемісті еңбегі үшін бірқатар азаматтар аудан әкімінің, аудан прокурорының «Алғыс хаттарымен» марапатталды.
