Құрылтайда көтерілген мәселе: Жастарды жат қылықтардын арылту жайы қаралды

Бүгінгі қоғамда жастар тәрбиесі мен олардың болашағына алаңдаушылық – мемлекет деңгейіндегі маңызды мәселелердің бірі. Ел Президентінің Жолдауларында үнемі айтылып келе жатқандай, жастардың бойына ұлттық құндылықтар мен салауатты өмір салтын сіңіру – еліміздің ертеңгі тұрақты дамуының кепілі. Осы мақсатта Төлеби ауданы, Көксәйек ауылындағы Түркістан көпсалалы-техникалық колледжі базасында «Тәрбие тал бесіктен» атты тағылымды кездесу өтті.

Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – жастар мен жасөспірімдер арасында буллинг, лудомания (құмар ойындарға тәуелділік), нашақорлық және құқықбұзушылық сияқты келеңсіз жағдайлардың алдын алу, олардың зиянды салдарларын түсіндіру, әрі олардан шығу жолдарын ұсыну. Сонымен қатар, бұл кездесудің аясында отбасылық құндылықтарды насихаттап, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту мәселесі де қозғалды. Кездесуге Түркістан көпсалалы-техникалық колледжінің директоры С.Әділбеков, Төлеби аудандық полиция бөлімі ЖПҚБ аға учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Е.Асқарбеков, ЖПҚ ӘЗЗҚЖ аға инспекторы, полиция капитаны Ақмарал Боташева, ОТЗЗҚК аға инспекторы, полиция аға лейтенанты  Жанат Тураханова және ЮПТ УПИ полиция аға лейтенанты Самат Әміров арнайы қатысты. Олар жастармен ашық әңгімелесу форматында түрлі өмірлік жағдайлар туралы айтып, сұрақтарға нақты әрі тұшымды жауап берді. Кездесу барысында мамандар әрбір мәселенің астарына үңіліп, буллингтің психологиялық салдарлары, лудоманияның қаржылық және әлеуметтік қиындығы, нашақорлықтың адам өміріне әкелетін ауыр зардаптары жөнінде нақты мысалдар келтіре отырып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, құқықтық сауаттылықты арттыру, өз-өзіне сенімді болу, эмоционалдық интеллектіні дамыту, өзгенің пікірін құрметтеу, және әлеуметтік желідегі әрекеттерге абай болу сынды маңызды кеңестер де айтылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында жастар саясатына ерекше мән беріп келеді. Мемлекет басшысы: «Біз жастарымызды білімді, еңбекқор, жауапкершілігі жоғары, ел патриоты етіп тәрбиелеуіміз керек. Олар – еліміздің болашағы ғана емес, бүгінгі бейнеміз» – деп атап өтті. Осы орайда, бүгінгі кездесудің маңыздылығы – жастардың бойындағы адами құндылықтарды қалыптастыру, өз болашағына деген жауапкершілік сезімін арттыру және оларға қажетті рухани қолдау көрсету. Іс-шарада сөз сөйлегендер отбасы – қоғамның іргетасы екенін еске салып, тәрбиенің бала жастан басталатынын тілге тиек етті. Қоғамда орын алып жатқан әртүрлі келеңсіздіктердің алдын алу тек құқық қорғау органдарының емес, барша азаматтардың, ата-ананың, ұстаздың, тіпті достар ортасының да ортақ міндеті екені айтылды. Жастар тарапынан қойылған сұрақтар олардың бұл мәселелерге бейжай қарамайтынын көрсетті. Атап айтқанда, лудоманияға қалай тап болмай, одан қалай арылуға болады, достар арасындағы қысымнан қалай шығу керек, ата-анамен түсініспеушілік кезінде не істеу керек деген секілді нақты сауалдар қойылды. Спикерлер олардың әрқайсысына кәсіби және өмірлік тәжірибеге негізделген кеңестер берді.

Кездесу соңында ұйымдастырушылар жастарға арналған ақпараттық парақшалар таратып, арнайы сенім телефондары мен көмек көрсету орталықтары туралы мәлімет берді. Бұл – тек бір реттік шара емес, болашақта да осындай кездесулердің жиі ұйымдастырылатыны және оның жастар тәрбиесіне оң ықпал ететіні айтылды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *