Жолдау жүктеген міндет: Түркістан – халықаралық туризм картасындағы жаңа бағыт

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында ел экономикасының маңызды салаларының бірі ретінде туризмді дамыту қажеттігін үнемі атап өтеді. Мемлекет басшысы бұл саланы ұлттық экономиканың ұзақ мерзімді драйверіне айналдыру, инфрақұрылымды жақсарту, инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы өңірлік дамудың басты бағыты ету керектігін баса көрсеткен.

Осы стратегиялық тапсырмаларды жүзеге асыру жолында Түркістан облыстық туризм басқармасы бірқатар  жұмыстарды еңсеріп  отыр.  Басқарма басшысы Нұрдәулет Медеуовтің айтуынша,  өңірде қазіргі таңда 250-ге жуық орналастыру нысаны, 300-ге тарта демалыс аймағы, 120-дан астам емдік-сауықтыру кешені жұмыс істеп тұр. Бұл – өңір инфрақұрылымының жаңарып, туристерге қолайлы жағдай жасалып жатқанын көрсетеді. Туристер ағынының артуы да – оң өзгерістің бір көрінісі. 2025 жылдың I тоқсанында орналастыру нысандарында 61,3 мың адам тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 1,5%-ға өсім байқалған. Бүгінде табиғи аумақтарға – 80,2 мың, тарихи орындарға – 520,7 мың адам келген. Көпшілік «Әзірет Сұлтан», «Отырар» қорық-музейлері сынды тарихи-мәдени мұраларға ерекше қызығушылық танытып отыр.

Президент Жолдауларында айтылатын шетелдік инвестиция тарту мен халықаралық серіктестікті кеңейту мәселелері де назардан тыс қалмаған. 6 айда өңірдің туризм саласына тартылған инвестиция көлемі – 33 млрд теңгеге жеткен. Бұл қаражат есебінен бірқатар жаңа нысандар – «Lords Heir», «Khan Palace 2», «Yassy Hall and Apartments» қонақүйлері, заманауи демалыс аймақтары іске қосылып отыр.

Түркістан облысына шетелдік туристер де жиі келетін болды. E-qonaq жүйесінің деректеріне сәйкес, биыл 24 мыңға жуық шетелдік саяхатшы өңірге табан тіреген. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артық. Әсіресе Қытай, Жапония, Германия, Италия елдерінен келген қонақтар саны айтарлықтай артқан. Бұл бағытта атқарылған ауқымды ақпараттық жұмысты да ерекше атап өткен жөн.

Түркістанның туристік әлеуеті туралы «Euronews», «CNN», Түркияның «TRT», «Anadolu Ajansı», Қытайдың ақпарат құралдары арнайы материалдар дайындап, әлем назарына ұсынды. Бұл бастамалар – Президент Жолдауында айтылған елімізді халықаралық аренада таныту тапсырмасымен толық үндес. Сондай-ақ, «Visit Turkistan» туристік ақпараттық кеңсесінің Қытайдың Шанхай қаласында ашылуы – стратегиялық маңызды қадам. Мұндай тікелей өкілдіктер арқылы шетелдік туристермен байланыс орнап, инвестиция тарту мүмкіндігі де арта түспек. Жуырда 20 адамнан тұратын алғашқы шанхайлық туристік топ Түркістанда қонақ болып, бұл бастаманың нақты нәтижесін көрсетті.

Туризм саласының дамуымен қатар, облыста инфрақұрылым мен жұмыс орындарын арттыру бағытында да нақты жобалар жүзеге асуда. Биылғы жылы облыста 27 инвестициялық жоба іске асырылып, нәтижесінде 1130 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Сонымен бірге, жалпы құны 11,3 млрд теңгеге бағаланатын 6 инфрақұрылымдық жоба да қолға алынған. Олардың қатарында «Ескек есу каналы», «Қолөнершілер қалашығы», «Күлтөбе қалашығы» сынды туристік нысандар бар.

Жыл соңына дейін облысқа келетін туристер саны 350 мың адамға жетеді деген болжам бар. Сонымен қатар, инвестиция көлемі – 55,8 млрд теңгеге, қызмет көрсету көлемі – 8,6 млрд теңгеге дейін артуы көзделуде. Бұл – тек экономикалық көрсеткіштер емес, сонымен қатар Президент айтқан аймақтық табыстың әділетті бөлінуі мен тұрақты дамуға бастайтын жол.

Түркістан облысының туризм саласындағы серпінді дамуы – Мемлекет басшысының Жолдауларында көрсетілген стратегиялық бағыттардың өңірлік деңгейде нақты жүзеге асып жатқанын көрсетеді. Инфрақұрылымның жаңаруы, инвестиция тарту, шетелдік туристер санының артуы мен жаңа жұмыс орындарының ашылуы – өңірдің ғана емес, бүкіл елдің дамуына қосылған үлес. Алдағы уақытта бұл қарқын бәсеңдемей, Түркістанның жаһандық деңгейдегі тарихи әрі мәдени туризм орталығына айналарына сенім мол.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *