Қарнақта көгілдір отынға қол жеткізер күн алыс емес
Қарнақ ауылында көптен күткен газдандыру жұмыстары басталып, бүгінде жоспарлы түрде жалғасып жатыр. Жақында Кентау қаласы әкімінің орынбасары Ғалымжан Төлепов құрылыс нысанын аралап, жұмыс барысымен танысты.
Жобаның мақсаты – ауылдағы 3308 үйді табиғи газбен қамтамасыз ету. Бұл үшін ұзындығы 139 шақырым болатын газ құбыры тартылады. Оның 108 шақырымы жер астымен, ал 31 шақырымы жер үстімен жүргізілмек.
2024 жылы басталған бұл құрылыс бүгінде нақты іске көшіп, алғашқы 11 шақырым құбыр тартылып үлгерді. Жұмыстар жоспарға сай жүріп жатса, Қарнақ ауылы жақын арада толықтай көгілдір отынға қосылады.
Ауыл тұрғындары үшін бұл – үлкен қуаныш. Себебі табиғи газға қосылу – тұрмыс сапасын арттырып, қысқы маусымда көмір жағу, күл шығару сияқты ауыр жұмыстардан арылуға мүмкіндік береді.
Нысанды аралау кезінде Ғалымжан Төлепов мердігер компанияға жұмысты сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырды. Сонымен бірге, жұмыс барысын кешіктірмей, тиімді ұйымдастыру қажет екенін де атап өтті.