Сайрамда жас жұбайлар референдумға келді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында елімізде атом электр станциясын салу туралы мәселені қазақстандықтардың қатысуымен шешу қажет екенін айтып, ағымдағы жылдың 6 қазан күні жалпыұлттық референдум өтетінін жариялаған болатын. Онда: «Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр.

Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін. Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын.

Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни, референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын.

Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Бүгін тиісті Жарлыққа қол қоямын. Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде, бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз» деді Президент.

Өткен аптаның жексенбісінде елімізде жалпыұлттық сайлау өтті. Сайрам ауданы Қарамұрт ауылындағы референдум учаскесіне жаңадан шаңырақ құрған жас жұбайлар Лазизхан Шарипов пен Махбуба Шарипова келіп, жалпыхалықтық референдумда дауыс берді. Олар осылайша ел ертеңінің негізі қаланып жатқан сындарлы сәтте азаматтық белсенділіктерін байқатты.

Ерлі-зайыптылардың бірінің жасы — 22-де, екіншісінікі — 28-де. Жас жұбайлар болашақтарының жарқын болуы жолында №584 референдум учаскесіне келіп, өз таңдауларын жасады.

«Бүгінгі күн — еліміз үшін де, біз үшін де ерекше маңызды күн. Құқықтық саясат салтанат құрған мемлекетіміздің әрбір азаматы сайлауға қатысып, дауыс беруі міндет деп санаймыз. Сондықтан бүгін болатын үйлену тойымызға қарамастан, референдум учаскесіне келіп, өз таңдауымызды жасадық, — деді жас жұбайлар.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *