Кентау қаласының дамуына бағытталған тапсырмалар талқыланды
Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды мәселелер жан-жақты талқыланды.
Жиында Қазақстан Республикасының 2025 жылы өтетін Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы жөнінде баяндама жасалып, осы жұмыс барысы мен оның маңыздылығы егжей-тегжейлі қаралды. Сонымен қатар, қала мен ауылдық елді мекендердің санитарлық тазалығы саласындағы атқарылған шаралар қорытындыланып, нәтижелері ұсынылды.
Қала басшысы Жандос Қалмырзаұлы тиісті мекеме басшылары мен ауыл әкімдеріне санитарлық тазалық мәселелері бойынша туындаған өзекті мәселелерді жеткізіп, оларды жедел шешу қажеттігін ескертті. Бұл тұрғыда «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасының қала аумағында жүзеге асырылу барысы туралы да жан-жақты сөз болды.
Әкімнің айтуынша, санитарлық тазалық пен экологиялық мәдениетті арттыруға бағытталған жұмыстар тек науқандық сипатта емес, жүйелі әрі тұрақты түрде жүргізілуі тиіс.
«Атқарылатын әрбір іс – тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталуы қажет», – деді Жандос Қалмырзаұлы.
Аппараттық жиында қала әкімдігіне қарасты барлық бөлім және мекеме басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуын қала әкімі жеке бақылауына алатыны айтылды. Бұл – қала дамуының тиімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам.