Түркістанда нашақорлыққа қарсы айлық акция басталды

26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күніне орай, Түркістан қаласында бір айға созылатын облыстық акцияның ашылу салтанаты өтті.

Іс-шараның ашылу рәсіміне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов, сондай-ақ танымал спортшылар мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.

– Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына Жолдауында есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күресу маңызды міндет екенін атап өтті. Есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы, болашақ ұрпақтың әл-ауқатына қауіп төндіретіні анық. Облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлының тапсырмасына сәйкес аймақта есірткіге қарсы күрес, жастарды қолдау жұмыстары жалғасуда. Ал бүгін Түркістан облысында «Есірткісіз болашақ!» ұранымен нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы айлық іс-шарасы басталды. Облыс жастары мен балалар арасында есірткіге қарсы иммунитетті және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатындағы бұл іс-шараның маңыздылығы ерекше. Өңірде облыс әкімдігі мен құзырлы мекемелердің іс-шаралар жоспары бекітілген. Бір ай бойы нашақорлыққа қарсы күресті күшейту, оның алдын алу бағытында іс-шаралар, акциялар өтеді. Жастарымыз саламатты өмір салтын ұстанып, тұтас қоғам сергек болулары тиіс. Құрметті жастар! Ел болашағы Сіздердің қолдарыңызда. Жаман әдеттен аулақ болып, білімге, спортқа, өнерге бет бұрыңыздар. Баршаңызды саламатты өмір салтын ұстанып, Қазақстанды, Түркістанды дамытуға шақырамын! – деді Бейсенбай Тәжібаев.

Айлық аясында қала мен аудандарда түрлі форматтағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, дәрістер, тренингтер, концерттер, жаппай таңғы жаттығулар және спорттық шаралар ұйымдастырылады. Акцияға жастар ұйымдары, білім және денсаулық сақтау мекемелері, құқық қорғау органдары және еріктілер жұмылдырылған.

Жиын барысында қатысушыларға нашақорлықтың алдын алу жолдары, емдеу мен оңалту тәсілдері туралы нақты ақпараттар ұсынылды. Мамандар есірткіге тәуелділіктің қауіптілігі жөнінде мысалдар келтіріп, жастармен еркін форматта пікір алмасты.

Шара барысында жергілікті өнерпаздар мен әскери қызметкерлер патриоттық әндер орындап, би қойылымдарын тарту етті. Танымал спортшылар ұйымдастырған таңғы жаттығу флешмобы қала тұрғындары мен жастардың көңілінен шықты. Бұл – жастарды белсенді өмірге тартудың тиімді тәсілі.

«Есірткісіз болашақ!» акциясы – қоғамда салауатты өмір салтын, қоғамдық жауапкершілікті және жастардың белсенділігін арттыруды мақсат еткен ауқымды бастама. Бұл бағыттағы жұмыстар Түркістан облысында жүйелі түрде жалғасын табатын болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *