Кентауда тұрғындардың талап-тілегі тыңдалды
Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов тұрғындармен ашық кездесу өткізді. Бұл жолы кездесулер Ш.Құдайберген, З.Иманбаев көшелері мен 52-мөлтек ауданында ұйымдастырылды. Жиынға қала әкімінің орынбасары, қалалық мәслихат депутаттары және тиісті бөлім басшылары қатысты.
Кездесу барысында тұрғындар күнделікті тіршілікке тікелей әсер ететін өзекті мәселелерді қозғады. Атап айтқанда, аяқ жолдардың жетіспеушілігі, ойын алаңдарының аздығы немесе сапасыздығы, көше жарығының жоқтығы, суағарлар мен кәріз жүйелеріне қатысты түйткілдер кеңінен сөз болды. Тұрғындар инфрақұрылымға қатысты нақты өтініштерін жеткізіп, нақты шешімдер күтетіндерін білдірді.
Қала әкімі Жандос Қалмырзаұлы әрбір айтылған мәселені мұқият тыңдап, көтерілген барлық ұсыныс-тілек хаттамаға енгізілетінін және тиісті сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктелгенін атап өтті. Қаржының бөлінуіне қарай жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын түсіндіріп, тұрғындарға шыдамдылық пен бірлік қажет екенін жеткізді.
«Тұрғындардың әр ұсынысы біз үшін маңызды. Қаланың дамуы – бәрімізге ортақ міндет. Сондықтан әрбір мәселе назардан тыс қалмайды. Қала тазалығы мен көркеюі үшін бірге атсалысайық», – деді әкім өз сөзінде.
Кездесу соңында қала басшысы мұндай ашық форматтағы кездесулер алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді. Бұл – әкімдік пен халық арасындағы сенім мен серіктестікті нығайтудың, әрі қаланың нақты қажеттіліктерін жергілікті деңгейде шешудің тиімді жолы.