Кентауда тазалық жұмыстары ерекше форматта өтіп жатыр
Кентау қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында сенбілік шаралары жаңашыл әрі ерекше форматта өтіп жатыр. Бұл ауқымды тазалық жұмыстарына қаладағы 30-ға жуық мекемеден 500-ге жуық қызметкер, сондай-ақ еріктілер мен тұрғындар белсенді түрде атсалысуда.
Сенбілік барысында 12 арнайы техника жұмылдырылып, қала аумағынан 50 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Бұл – қала тазалығын жақсартуға бағытталған ауқымды шаралардың бір бөлігі ғана.
Тазалық жұмыстарының ерекше әрі тиімді бағыттарының бірі – қала тұрғындары арасында ұйымдастырылған «Қоқыс алып кел де, балмұздақ ал» атты плогинг акциясы болды. Бұл экологиялық бастама балалар мен жастар арасында кеңінен қолдау тауып, олар белсенділік танытуда.
Плогинг – спортпен айналысып, қоқыс жинау дегенді білдіретін жаңа формат, ол экологияны қорғаумен қатар, денсаулықты нығайтуға бағытталған. Акция қатысушылары қала көшелерін тазалап, бір уақытта спортпен шұғылдануда.
Кентау қаласы әкімдігі мұндай креативті әрі тиімді экологиялық шараларды тұрақты түрде ұйымдастырып, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға күш салуда. Әкімдік алдағы уақытта да тазалық пен абаттандыру жұмыстарын жетілдіріп, қала тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр.