Қарнақ ауылында қоғамдық бақылау жүргізілді
Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылында мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін қадағалау мақсатында кезекті қоғамдық бақылау жұмыстары жүргізілді. Іс-шара Кентау қаласы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық, ақпараттандыру және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінің мамандарының қатысуымен өтті.
Қоғамдық бақылаудың негізгі мақсаты – қызмет алушыларға көрсетілетін мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру, сондай-ақ халықпен кері байланысты нығайту. Бақылау барысында мамандар бірқатар маңызды мәселелерге назар аударды.
Бақылау тобы алдымен мекемелерде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған жағдайдың жасалуын тексерді. Арнайы пандустардың болуы, ыңғайлы кіреберістер мен қызмет көрсету аймақтарының қолжетімділігі сарапталды. Бұл – инклюзивті қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды қадамдардың бірі.
Сонымен қатар, өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарының бар-жоғы, азаматтарды қабылдау сапасы, күту залдарының жай-күйі мен ақпараттық қолжетімділік деңгейі де бақылау аясында қаралды.
«Мемлекеттік қызмет көрсетуде ең басты басымдық – бұл қызмет алушының мүддесі. Біз кез келген мемлекеттік органда «клиентке бағдарлану» қағидасының нақты жүзеге асуын көргіміз келеді. Яғни, адам мекемеге емес, мекеме азаматқа қызмет етуі тиіс,» – дейді бақылау тобы өкілдері.
Қызмет алушылар тарапынан айтылған ұсыныстар мен пікірлер назарға алынып, қажетті түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қоғамдық бақылау тобы мемлекеттік қызмет көрсету барысында бюрократиялық кедергілерді болдырмау, процесті оңтайландыру және халыққа ыңғайлы жағдай жасау қажеттігін атап өтті.
Кентау қаласы әкімдігі алдағы уақытта да мемлекеттік қызмет көрсететін барлық мекемелерде қоғамдық бақылау жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуді жоспарлап отыр. Бұл – халыққа сапалы әрі әділ қызмет көрсетуге бағытталған нақты әрі тиімді қадам.