Биыл Кентау қаласы тұрғындары табиғи газ жүйесіне толықтай қосылатын болады

Кентау қаласы мен оның ауылдарын табиғи газбен қамту мәселесі күн тәртібінде тұрған маңызды мәселелердің бірі болып табылады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Кентау қаласының 74,5 мың тұрғынының 63,3 мың тұрғыны (15,3 мың абонент, 85%) табиғи газ жүйесіне қосылған. Қалған 11,2 мың тұрғын (2,7 мың абонент, 15%) 2025 жылдың соңына дейін қосылатын болады. Соның нәтижесінде, Кентау қаласы тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары 2025 жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде.

Қазіргі таңда Кентау қаласы мен оның ауылдарына табиғи газ жеткізу бойынша бірнеше маңызды жобалар іске асырылуда. Бұл жобалар тұрғындардың тұрмыстық жағдайларын жақсартып, экологиялық таза энергия көзін пайдалануға мүмкіндік береді. Атап айтар болсақ, Хантағы ауылына табиғи газ жеткізетін магистралды газ құбырының құрылысы жалғасуда. Газ құбырының ұзындығы 12,3 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда 3,5 шақырым монтаждау жұмыстары жүргізілген, ал 8,8 шақырым газ құбырының құрылысы басталды. Жобаның жалпы сметалық құны 1,55 миллиард теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарының аяқталу мерзімі 2025 жыл деп көрсетілген.

Байылдыр ауылының ішкі орам газ құбырының құрылысы бойынша 12 шақырым газ құбыры орнатылды. Тұрғын үйлерге газ реттегіш шкаф пунктері орнатылып, қысыммен тексеру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобаның жалпы сметалық құны 426 миллион теңге, 2024 жылы 334,9 миллион теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың 31 шілдесіне дейін аяқталатын болады.

Қарнақ ауылында ішкі орам газ құбырының құрылысы бойынша жұмыстар бастау алды. Газ құбырының ұзындығы 139 шақырымды құрайды, оның ішінде 108 шақырым жер астымен, 31 шақырым жер үстімен жүргізіледі. Бұл жоба бойынша қазірдің өзінде 2,3 шақырым құрылыс монтаждау жұмыстары орындалған. Жобаның жалпы сметалық құны 4,6 миллиард теңгені құрайды. Оның ішінде 2024 жылы – 100,1 миллион теңге, ал 2025 жылы 400 миллион теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстары 31 желтоқсан 2025 жылға дейін аяқталады деп жоспарланған.

Ащысай ауылының 305 абонентін табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында жобалау сметалық құжаттамасы әзірленуде. 2025 жылдың 18 ақпанында «QazaQGaz AIMAK» АҚ Түркістан өндірістік филиалынан техникалық шарт алуға өтінім ұсынылған. Сонымен қатар, биыл Құсшы-ата мен Қарнақ ауылында 341 абонент газ жүйесіне қосылатын болады. Газ тұтынушыларының қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін орташа қысымды газ құбырының ұзындығы 18,2 шақырымды құрайды. Осы ауылдардағы жұмыстар да белсенді түрде жүргізілуде.

Бүгінде Кентау қаласы мен оның ауылдарын табиғи газбен толық қамту жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. 2025 жылдың соңына қарай Кентау қаласы тұрғындары табиғи газ жүйесіне қосылатын болады. Ауылдардағы құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен аяқталып, тұрғындарға ыңғайлы әрі экологиялық таза энергия көзі ұсынылмақ. Бұл жобалар жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартып, қала мен оған қарасты ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *