Ащысайда тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бағытында нақты жұмыстар атқаруда
2024 жыл Ащысай ауылы үшін қарқынды даму мен жүйелі жұмыстың жылы болды. Ауыл әкімдігі өз құзыреті шеңберінде жоспарланған шараларды орындап, тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бағытында нақты жұмыстар атқарды. Есепті кезеңде ауылдық округте бірнеше негізгі бағыттар бойынша нәтижелі көрсеткіштерге қол жеткізілді.
Айталық, ауылдық әкім аппаратына 2024 жылы 73 946,0 мың теңге көлемінде қаржы қарастырылып, оның 73 644,3 мың теңгесі немесе 99,5%-ы тиімді игерілді. Бұл ауыл бюджетінің тиімді жоспарланып, мақсатты түрде жұмсалғанының айқын дәлелі. Қаржының басым бөлігі әлеуметтік салалар, инфрақұрылымдарды ұстап тұру және түрлі әкімшілік қажеттіліктерге бағытталған.
2024 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша ауыл бюджетінің кіріс бөлігі 2 865,0 мың теңге болып жоспарланса, нақты орындалғаны 2 988,6 мың теңге, бұл 104,3 пайыздық көрсеткішті құрады. Бұл ауыл азаматтарының салық тәртібін сақтау мәдениетінің артып келе жатқанын және кіріс базасының кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.
Ащысай ауылында 6 жеке кәсіпкер табысты қызмет етуде. Оның ішінде 5 дүкен мен 1 газ құю бекеті ауыл тұрғындарын қажетті тауарлармен және қызметтермен қамтамасыз етеді. Бұл ауылдағы шағын және орта бизнестің тұрақтылығын көрсетеді. Ауыл әкімдігі тарапынан кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау, инфрақұрылымдық қолдау көрсету мәселелері үнемі назарда.
Ауыл экономикасының негізі – ауыл шаруашылығы екені белгілі. Бүгінде Ащысай ауылында 3 600 уақ мал, 290 ірі қара, 280 жылқы және 150 құс тіркелген. Мал басының өсуі ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруда маңызды рөл атқаруда.
Сонымен қатар, өңірде жыл бойы энзоотиялық аурулардың алдын алу шаралары белсенді жүргізілді. Атап айтқанда, 10 500 шаршы метр санитарлық қорғау аймағында фипрон дезинсекциялық ұнтақ препаратымен залалсыздандыру жұмыстары атқарылды. Бұл – Конго-Қырым қанды қызбасы секілді қауіпті аурулардың алдын алу мақсатында жасалған маңызды қадам. Иесіз жануарларды бақылау және жою бойынша да шаралар қабылданып, 27 иесіз ит пен 3 мысық ауланып, санитарлық талаптарға сай жойылды.
Қорыта айтқанда, 2024 жыл Ащысай ауылы үшін тұрақты дамудың, әлеуметтік тұрақтылықтың жылы болды.