Мадина «Жастар практикасы» бойынша ауыл әкімшілігінде жұмыс істеуде
Бәйдібек ауданы Шыбыт ауылының тұрғыны Қуаныш Мадина Шымкент қаласындағы Политехникалық колледжді “Программист”мамандығы бойынша тәмәмдап, қазіргі таңда Шаян ауылдық әкімшілігінде “Жастар практикасы” бағдарламасы бойынша алғашқы еңбек жолын бастады. Мадина жоғары оқу орнын және орта арнаулы оқу орнын бітіруші жас мамандарға “Жастар практикасынан” тиімді түрде өтуге шақырады.
Жастар практикасы – техникалық және кәсіптік, орта және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының түлектері алған кәсібі бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін жинақтау мақсатында жүзеге асыратын еңбек қызметінің түрі екенін айтқымыз келеді.
Айта кетейік, облыс әкімінің осы жылдың ақпанында бекіткен «Өңірді жұмыспен қамту картасы» аясында 118,9 мың жұмыс орнын ашу жоспарланған. Атап айтқанда, 108 мың адамды тұрақты және уақытша жұмыс орындарына, 3,7 мың адамды Ұлттық жобалар мен Тұжырымдамалар арқылы ашылатын жұмыс орындарына жолдау, сонымен бірге 7,2 мың адамға грант немесе шағын несие беру көзделген. Тиісінше, 1 тамыздағы статистикаға сәйкес 68,5 мың түркістандық жұмыспен қамтылып, жоспар 58 пайызға орындалған.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның мәлімдеуінше, 31 мың адам тұрақты, 37,5 мың адам уақытша және 1,5 мың адам Ұлттық жобалар мен Тұжырымдамалар бойынша ашылған жұмыс орындарымен қамтылған. Өңірде Ұлттық жобалар мен Тұжырымдамалар негізінде 400-ге тарта ин- фрақұрылымдық жобаларды іске асырып, 3 600-ден астам жұмыс орнын ашу көзделген. Бүгінге дейін оның 227-сі қолға алынып, 1500-ден аса жұмыс орны құрылыпты.
Ал, «Еңбек» бағыты бойынша 2024 жылы 85,4 мың азаматты жұмысқа жолдау жоспарланып, 7 ай ішінде 44,6 мың адам жұмысқа орналасқан. Одан бөлек 31 мыңнан аса адамды субсидияланатын жұмыс орындарына жолдау көзделіп, 25 570 адам жұмысқа кірісіп кеткен. Кәсіп бастауға ниет білдірген 1783 адамға грант беріліп, 2 570,9 млн. теңге игерілген. Сонымен бірге, облыс әкімінің тапсырмасы бойынша 7 аудан мен қаланың 120 тұрғынына пилоттық жобаларды жүзеге асыру үшін грант тағайындалған.