ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ МӘДЕНИЕТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫНА АТСАЛЫСТЫ
Түркістан облысының мәдениет қызметкерлері «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы «Таза өлке» апталығына өз үлестерін қосты. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған республикалық шараға «Ұлы Дала Елі» орталығы мен Түркістан музыкалық драма театры және «Фараб» кітапханасының ұжымы атсалысты. Атқарылған жұмыстар барысында қоқыстар шығарылып, мекеме аулаларында 200 түп гүл егілді. Жалпы игі шараға аудан-қаладағы барлық мәдени ошақтары белсенділік танытып жатыр.
Бүгінгі күнге дейін облыс бойынша «Таза өлке» апталығына 20 мыңнан астам адам қатысып, 130 мыңға жуық көшет отырғызылған. Сондай-ақ, апталықта облыстағы өзен бойлары мен көше, үй аулалары тазартылып, 1 120 тонна қоқыс шығарылған.
Айта кетейік, еліміз бойынша ұйымдастырылып жатқан тазалық науқаны 5 аптаға созылады. «Таза өлке» апталығы — 6-13 сәуір аралығында өткізілсе, 13-20 сәуір аралығында – «Киелі мекен», 20-27 сәуір аралығында – «Жасыл аймақ», 27 сәуірден 4 мамырға дейін — «Өнегелі ұрпақ» апталығы, 4 мамырдан 11 мамырға дейін — «Мөлдір бұлақ» апталығы өтпек.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі