Түркістан облысының полицейлері тұрғынның үйінен көкнәр тәркіледі
Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі құралдарын заңсыз сақтау мен пайдаланудың кезекті дерегін анықтады. Бұл жайтты полицейлер ҚР ҚК 296-бабы «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша тіркеді.
Хабарлама бойынша бірден іске кіріскен тәртіп сақшылары, жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктіні, яғни Сарыағаш ауданының тұрғынын ұстады.
Жедел уәкілдер тінту кезінде, оның бөлмесі мен шатырынан құрамында есірткіге ұқсас заты бар орама мен полиэтилен пакетін тапты.
Тәртіп сақшылары тәркіленген заттай дәлелдемелерді сараптамаға жіберді. Қорытындыға сәйкес, ол жалпы салмағы 70 грамнан асатын «Көкнәр» есірткісі болып шықты.
Қазіргі уақытта осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері есірткіні заңсыз сақтағаны және таратқаны үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді. Тәртіп сақшылары тұрғындарға салауатты өмір салтын ұстануға және жаман әдеттерден бас тартуға кеңес береді.