Түркістан облысында тұмауға шалдыққандар саны 7 есе артты

Түркістан облысында коронавирус инфекциясына қатысты ахуал тұрақты, ал тұмаумен сырқаттанушылар саны керісінше, артып отыр. Бұл туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бахтыораз Елемесов мәлімдеді.

Өңірде инфекциялық аурулардың маусымдық өсуі байқалғанын айтқан санитар мамандар тұрғындарды сақтық шараларын ұстануға шақырып отыр. Сондай-ақ адамдар көп жиналатын жерлерде бетперде тағып, профилактикалық екпе салдыру қажеттігін ескертуде.

«Қазіргі таңда облыста ЖРВИ және тұмаумен сырқаттанудың маусымдық өсуі байқалады. Эпидмаусым басталғаннан бері ЖРВИ-дің 2 723 жағдайы тіркелді. Ал жыл басынан 6 мыңнан астам адам ЖРВИ жұқтырған. Тұмау инфекциясы бойынша маусымдық 56 жағдай тіркелді. 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7 есе артып отыр. Ал коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты», — деді Бахтыораз Елемесов.

Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Салтанат Жабағиеваның айтуынша, өңірдің медицина ұйымдарында дәрілік заттардың резервтік қоры жасақталған. Олардың арасында вирусты инфекцияларға қарсы қолданылатын Осельтамавир, Улкарил, Ибупрофен, Парацетамол секілді дәрі-дәрмектер бар.

Айта кетейік, қазіргі таңда ЖРВИ-дің алдын алу үшін әрбір медицина ұйымдарында жоспар түзіліп, мобильді топтар құрылған. Дәрігерлер халыққа тұмаудан сақтану жұмыстарын тұрақты түрде түсіндіріп келеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *