Анар 10 перзентті тәрбиелеп өсірген ардақты ана
Уразов Мұса Мейірманұлы мен оның жұбайы Уразова Анар Таконқызы 10 перзентті тәрбиелеп отырған ата-ана. Ерлі-зайыптылардың екеуі де ұзақ жылдан бері ұстаздық еткен. Уразов Муса Мейірманұлы Қазығұрт ауданының білім бөліміне қарасты «Қызылсеңгір» жалпы білім беретін мектепте директор қызметін атқарса, жұбайы Анар Таконқызы бүгінде зейнеткерлікке шыққан.
— «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тоң пішер» дегендей 3 ұлы мен 7 қызымыздың үлкені Рано мұғалімдік жолды таңдады. Бүгінде ол Жетісай ауданы Ш. Құдайберген мектебінің тарих пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Одан кейінгі перзентім Рустембек те педагог. Мектепте денешынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеуде. Балаларымыздың бәрін де жоғары оқу орнында оқытып, үйлі-жайлы еттік. Аллаға шүкір, бүгінде олар өз мамандықтары бойынша жұмыс істеп еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді.
Жолдасым маған әр кез қолдау білдіріп отырды. Соның арқасында баланы да дүниеге әкеліп, жұмыс та істедім. Көпбалалы отбасында өскен балалардың бір ерекшелігі, олар мейірімді болады. Қолындағысын бөлісіп отырады. Сол секілді менің балаларым бір-біріне қарап, сабақтарына жәрдемдесіп, қол ұшын созып өсті, — дейді Анар Таконқызы.
Үшінші перзент Мұхамбетғали өрт сөндіру бөлімінде аға сержант қызметкер. Жұлдыз жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Нұрсұлтан – ішкі істер департаментінде полиция қызметкері, Әсемгүл- бала бақшада әдіскер, Динара мен Диана – мұғалім, Тумармен Гүлнұр — университетте студент.
Кейіпкеріміз Мұса Мейірманұлының әкесі Уразов Мейрман Оразұлы да 30 жыл мектеп директоры қызметін атқарған екен.
— Жалпы мектептерде ер мұғалімдер санын арттыру керек деп ойлаймын. Сондықтан, өзімнен тараған ұрпағыма да, шәкірттеріме де ұстаздық жолды таңдауға кеңес беремін, — дейді Мұса Мейірманұлы.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың 8 айында елімізде 43 мың жұп некелесіп, 265 мың сәби дүниеге келді. Осы кезеңде ең көп туу көрсеткіші Түркістан облысында – 30 973, Алматыда — 29 002, Шымкентте — 23 935 және Астанада – 23 330 бала тіркелді. Ал, Ұлытау облысы – 2 821, Солтүстік Қазақстан облысы — 4 313 көрсеткіштерімен туу көрсеткіші төмен өңірлер болып есептеледі.
Сонымен қатар, 8 айдың ішінде ең көп некелесу Алматы қаласында тіркелген. Бұл өңірде – 14 059 жұп тіркелсе, екінші орында Астана — 9 258, үшінші орында Түркістан облысы – 6 132 неке заңдастырылған.