Референдумның маңызын түсіндірді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында атом энергиясын дамыту мәселесіне ерекше назар аударды. Өйткені, елімізде жыл өткен сайын электр энергиясына деген тапшылық сезілуде. Соңғы жылдары елімізде облыстар мен қалалардың аумағы кеңейтіліп, көптеген кәсіпорындар мен шаруашылықтар іске қосылды. Бұл өз кезегінде электр энергиясына деген сұраныстың бұрынғыдан бірнеше есеге арта түсетінін аңғартады. Сондықтан, бұл мәселені шешуде атом электр станциясын салудың тиімділігі мол екенін сөзсіз.

Қазіргі таңде еліміздің түкпір-түкпірінде АЭС салу мәселесі қызу талқылануда. Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 6 қазанда республикалық референдум өткiзу туралы Жарлыққа қол қойып: «Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр.

Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін. Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын.

Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалуға тиіс. Атом электр стансасы туралы референдумға қатысты да дәл солай болуы керек. Былтыр мен бұл мәселе бойынша өз пікірімді айттым, яғни, референдум тақырыбының қоғам талқысына түскеніне бір жыл болды. Бұл азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім деп ойлаймын. Сондықтан мен Үкіметтің ұсынысын қолдаймын.

Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы 6 қазанда өтеді. Бүгін тиісті Жарлыққа қол қоямын. Алдағы референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болмақ. Шын мәнінде, бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалаймыз. Маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісін жасаймыз» деді.

Алдағы референдумда ел тұрғындары «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» деген сауалы бар бюллетень алып, дауыс беретін болады. Жергілікті сайлау комиссиялары «Республикалық референдумды өткізу және ұйымдастыру» мәселелеріне арналған күнтізбелік жоспар бекітті. Бүгінде өңірде аталған жоспарға сәйкес дайындық жұмыстары қолға алынған.

Айталық, жақында Сайрам ауданындағы Ануар Исмаилов атындағы гуманитарлық педогогикалық колледжінде кездесу өтіп, онда референдумның өту мақсаты және маңыздылығы жайында мекеме ұжымы мен студенттерге түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кездесуге эксперт ретінде аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы А.Қабылбеков, «Ауыл» партиясы Сайрам аудандық филиалының төрағасы Е.Жайлаубеков, «Семей ядролық полигоны» қоғамдық бірлестігінің төрағасы М.Ирисметов және аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы орынбасары А.Бағдатұлы қатысып, жиналған қауымға референдум жайлы ақпарат берді. Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Сонымен қатар, іс-шара барысында энергия тапшылығын азайтуда атом электр станциясының маңыздылығы, оның елімізге қажеттілігі туралы да әңгіме қозғалды.

Жалпы «референдум» деген сөз латын тілінен аударғанда «мемлекеттік маңызы бар мәселені халықтық дауысқа салу» деген мағынаны білдіреді.  Мұндай тәсілді дүниежүзінде алғаш болып Швейцария мемлекеті іске асырған болатын. Арнайы даярлық қажет ететін төтенше, шұғыл мәселе дауысқа салынбайды. Референдумға заң немесе халықаралық шарт жобасы, басқару сипатындағы мәселелер ұсынылады.

Референдумның негізгі екі түрі бар. Резолютивті референдумда қабылданған шешімнің ешбір қосымша бекітусіз бірден мемлекет аумағында міндетті күші болады және жаңа референдумда ғана күші жойылады;

Консультативті референдум белгілі бір мәселе жайындағы халықтың пікірін білу үшін өткізіледі. Мұндай референдумның қорытындысы өкімет үшін міндетті болмайды.

Халықаралық құқықтық мәселе бойынша Референдум (көбіне плебисцит делінеді) өткізу 20 ғасырдың соңғы жиырма жылы ішінде өріс алды. Мысалы, Еуропа Кеңесіне мүше болу-болмау мәселесі бойынша Франция, Дания, Норвегия, Швеция, Ирландия елдерінде Референдум өткізілді. Қазақстанда Референдум өткізу туралы шешімді ҚР Президенті қабылдайды. Оған 18 жасқа толған Қазақстан азаматы қатыса алады. Сот төрелігі, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік, салық саясаты, бюджет, билік орындарының құзыреті, басқару нысаны, адам бостандығы мен құқығы, әкімшілік-аумақтық құрылыс пен шекара мәселесі референдумға негіз бола алмайды. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы референдум 1995 жылы өткізіліп, халық бірауыздан Ата Заңды қабылдады.

Айта кетейік, қазіргі таңда Сайрам ауданында аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Сабит Реметовтың мәлімдеуінше, 89 референдум учаскесі жұмыс істей бастады. Аудан бойынша 635 учаскелік референдум комиссиясының мүшесі қызмет атқаруда. Учаскелерді жабдықтау жұмыстары қолға алынған. Дауыс беру кабиналары арнайы ширмамен жабдықталып, мүгедектігі бар азаматтарға қолайлы жағдайлар жасалады. Бұл ретте жергілікті әкімдіктермен бірлескен жұмыс бар. Сонымен қатар, комиссия мүшелерінің біліктілігін арттыру бағытында оқыту жұмыстары жүргізілді. Қалған комиссия мүшелері каскад әдісімен оқытылмақ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *