Келестік балалар құмыра құю тәсілдерін меңгеруде
Жақында Келес ауданы Жүзімдік ауылдық округінде орналасқан ЖШС «Балдырған» бөбекжай-балабақшасында «Жазғы сауықтыру кезеңін балаларға тиімді ұйымдастыру» тақырыбында өңірлік семинар болып өтті. Жазғы сауықтыру кезеңін өткізу барысында бұл семинардың берері мол болды. Басқа бақшалардан ерекшелігі сол—балаларды жастайынан еңбекке баулу мақсатында арнайы “Шеберхана” ашылған. Онда тігін машинасы мен тоқыма орталығы жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, саз балшықтан құмыра жасау тәсілдерін үйретіп қыздарды қамыр жаю әдістерін үйрететін орталықтар бар.
— Аптаның әр сәрсенбісін ұлттық құндылықтарға арнап тәрбиеленушілерді жан-жақты дамыған, жеке пікірі бар, өмірге бейім тұлға етіп тәрбиелеуде бұл ұжымның үнемі ізденісте екендігінің куәсі болдық. Заман талабына сай білім мен тәрбие беру жолында тың жаңалықтарды ендіріп, өз саласының маманы болған меңгеруші Урниса Қарсыбайқызы мен ұжымның ұсыныстарына қолдау көрсетіп отыратын құрылтайшысының еңбегі ерен екені көрініп тұр,-дейді семинар қатысушылары.
Айта кету керек, семинарда мектепалды даярлық тобымен өткізілген «Жүзден жүйрік» интелектуалды сайыс ойыны, ересек тобымен өткізілген «Ұлттық ойындар» жаңа тәсілдерді топтастырған әрекеттер болып қатысушыларды қатты қызықтырды. Бұдан басқа топтарда өткізілген түрлі спорттық іс-шаралар мектепке дейінгі жастағы бүлдіршіндердің дамуы кезеңдерінде оң нәтиже беретін әрекеттер екендігі көрініп тұрды.
Түркістан облысында 31 сауықтыру лагері қызмет көрсетеді деп жоспарланған. Олардың 9-ы – мемлекеттік, 22-сі – жекеменшік. Сонымен қатар, өңірде мектеп жанындағы бір мезгіл тамақпен қамтитын 350 лагерь және 648 ойын алаңшасы балалар үшін қызмет көрсетеді.