Досының үйіне қонып қалған: Шымкентте жоғалған жасөспірім бала табылды
Сенбіден жексенбіге қараған түні сағат 2:00 шамасында Абай АПБ-ның «102» арнасына жергілікті тұрғын көмек сұрап хабарласты. Азаматша 12 жастағы баласының күндіз үйінен шығып, қайта оралмағанын жеткізді.
Жасөпірімнің өміріне төнуі мүмкін қауіп-қатердің барлығы ескеріліп, тәртіп сақшылары жедел-іздестіру жұмыстарына кірісті. Жеке құрамға шұғыл бағыттама беріліп, кезекшіліктегі қызметкерлер бейнебақылау камераларының жазбалары мен жасөспірімдер баруы мүмкін жерлерді тексерді.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жеткіншек көрші орналасқан көп қабатты үйден табылды. Белгілі болғандай, ойын баласы досының үйіне барып, анасынан сұранып келгенін айтып, қонып қалған. Үлкендер баланың рұқсатсыз кетіп қалғанын білмегенін жеткізді.
Тәртіп сақшылары жасөспірімді аман-есен ата-анасына табыстап, олармен профилактикалық әңгіме жүргізді.
Сондай-ақ, полицейлер ата-аналарға бала тәрбиесінде аса мұқият болуды, олардың қайда, кіммен жүргенінен үнемі хабардар болып отыруды ескертеді. Сондай-ақ, баланың жоғалғанын білген жағдайда, өз бетінше іздеуге уақыт жоғалтпай бірден «102» арнасына хабарласуға шақырады.