Түркістан облысында қысқы маусымға дайындық жұмыстары бүгінде үлкен қарқынмен жүріп жатыр.
Түркістан облысында қысқы маусымға дайындық жұмыстары бүгінде үлкен қарқынмен жүріп жатыр.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, бюждеттік мекемелерге қажетті қатты және сұйық отындарға тапсырыс та беріліп қойған. Өңірдегі білім, денсаулық сақтау мекемелерін, спорт және мәдениет нысандарын қысқа дайындау жұмыстары тоқтаусыз жүріп жатыр. Жалпы облыста 1733 көпқабатты тұрғын үй бар. Орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілетін 686 көпқабатты тұрғын үйдің басым бөлігі жылыту маусымына дайындық жұмыстарынан өткен.
Ал, Кентау қаласындағы Жылу энерго орталығын жөндеу жұмыстары басталды. Мұндағы 8 қазандықтың 4-еуі жөндеуден өтсе, қалған 4-еуіне қайта құру жұмыстары жүргізіледі.
Жалпы, Кентаудағы ЖЭО 14 000 астам абонентті жылумен қамтамасыз етеді. Оның ішінде 347 көпқабатты үй, 106 бюджеттік мекеме, 401 коммерциялық нысан және 2229 жеке сектордағы үй бар.
Жуырда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен облысты жылыту маусымына дайындық барысы және жылыжайларды көмірмен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Онда облыс әкімі жауапты сала басшылары мен аудан, қала әкімдеріне жылыту маусымына дайындықты сапалы жүргізуді тапсырды. Әсіресе, әлеуметтік нысандар, мектептер мен денсаулық сақтау мекемелері жылыту маусымына 100 пайыз дайын болуы керектігін айтты.