Түркістан облысында «Жайлы мектеп» жобасымен 3 жылда 63 мектеп салынады
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғаны белгілі. Оқушының сапалы білім алып, жан-жақты дамуына жағдай жасайтын жоба аясында алдағы үш жылда елімізде 401 жаңа мектеп салынбақ.
Ал, Түркістан облысында «Жайлы мектеп» пилоттық жобасымен 3 жылда 63 мектеп салынады.
Жалпы облыста білім беру саласында 2511 ұйым қызмет көрсетеді. 1 372 мектепке дейінгі ұйымда 155 мың бала тәрбиеленуде. 2-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту 98%-ды құрайды. Облыста жалпы 1000 мектепте 515 мың оқушы білім алады.
Өңірде 5 жылда жаңа 86 мектеп салынды. Өткен жылы 34 мектептің құрылысы аяқталды. Облыста 35 мың оқушы орынға тапшылық бар. Аталған мәселені шешу мақсатында қазір 33 мектеп салынуда. Оның ішінде, «Білім инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы биыл 9 мектептің құрылысы жүруде. Биыл 20 мектепті пайдалануға тапсыру жоспарлануда.
Президенттің тапсырмасына сәйкес, 894 мемлекеттік мектептің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен тиісті қаржы бөлінді. Осы арқылы бейнебақылау, турникет, қоршау, дабыл түймесі орнатылады. Арнайы күзет қызметімен қамтылады. 1-4 сыныптағы оқушыларды тегін тамақпен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілді.