Полицейлер «Қорғау» бағдарламасы көмегімен 4 миллион теңге төленбеген айыппұлы бар автокөлікті анықтады
Түркістан облысының полицейлері «Қорғау-қауіпті жүргізуші» бағдарламасы арқылы 4 миллион теңгеден астам төленбеген айыппұлы бар автокөлікті анықтады.Нақтырақ айтсақ, Түркістан облысы ПД Жедел басқару орталығынан «Қорғау» жүйесі арқылы «Тойота Камри» автокөлігі туралы дабыл келіп түсті. Анықталғандай, көлік жүргізушісінде жеке сот орындаушысының қаулысы бойынша берешегі бар.
Жедел басқару орталығының кезекшілері автокөлікті ұстауға Түркістан облысы ПД ЖПҚ Патрульдік полиция батальонының жақын маңдағы экипаждарына бағыт берді. Тәртіп сақшылары аталған көлікті тоқтатып, Қазығұрт ауылындағы айыптұраққа қойды.
Полицейлер атап өткендей, «Қорғау» бағдарламасы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ төленбеген айыппұлдар, жалған нөмірлер және басқа да құқық бұзушылықтары бар автокөліктерді анықтауға мүмкіндік береді.
Тек соңғы айда осы бағдарламаның көмегімен айыппұлы төленбеген 130-дан астам автокөлік айыптұраққа қойылған. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасатын болады.