Сайрам ауданының бас имамы Арыстан Оспанов: «Діни бағыттағы кез келген кітапты ашып қарасаңыз «сараптаудан өткен» деген белгі тұрады, сондай кітаптарды ғана оқуға кеңес береміз»
Сайрам ауданында жат ағыммен күрес жұмыстары, діни тұрақтылық жөнінде ауданның бас имамы Арыстан Хасановпен сұхбаттасқан болатынбыз.
— Арыстан аға, әңгімеміздің сіздің дінге деген қызығушылығыңыздың қалай оянғанынан бастайықшы…
— Ес біліп есейгенімнен ораза ұстадым. Мектепті бітіргеннен кейін ата-анам мені Шымкенттегі мешітке алып келді. Ол уақытта Шымкентте жалғыз мешіт болатын. Сонда 2 жыл медреседе діни білім алдым. Барлық мектеп бітіруші түлектер секілді мен де бір мамандыққа оқуға түсіп, өзім қалаған маман иесі болуды армандадым. Ат баптағанды жақсы көретінмін. Зоотехник боламын деп ойладым. Алайда, медреседе екі-үш ай білім алғаннан кейін бұл ойымды өзгерте бастадым. Намаз бен басқа да құлшылықта сауаптың молдығын түсіндім. Сөйтіп, бар назарымды діни білімімді арттыруға арнадым.
Дегенмен, медресені бітіргеннен кейін М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде грантқа оқуға тапсырып, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықтым. Одан кейін Алланың қалауымен Алматыда тек имамдар оқитын Ислам институтына құжаттарымды тапсырып, сонда 4 айлық діни білімді жетілдіру курсынан өттім. Түркияның Анкара мен Стамбул қалаларының ортасында Болу деген қала орналасқан. Онда 120 мың халық тұрады. Сол қалада 2 айлық курстан өтіп, діни білімімді толықтырдым. Елге келгеннен кейін Алматыда Ислам инстутында тағы оқыдым.
— Сайрам ауданында қанша мешіт, қанша имам бар?
— Бүгінде Сайрам ауданында 110 мешіт бар. Оның ішінде 45 мешітте жұма намаз оқылады. Қалған 65 мешітте тек 5 уақыт намаз оқылады. Осы аталған 110 мешітте 141 діни қызметкерлер жұмыс істейді. Оның 15-і әйел ұстаз.
— Олардың діни сауаты қандай? Ауыл округтеріндегі және елді мекендердегі имамдардың білім деңгейі тексеріледі ме?
— Меніңше, аудандағы 141 имамның 10 пайызы ғана бакалавр деңгейінде білім алған. Қалғандары – орта білімді. Жалпы өңірдегі имамдардың діни сауатын арттыру мақсатында оларды арнайы курстардан өткізуге жағдай жасамақпыз. Әсіресе, жас имамдарды жоғары оқу орындарына түсіруге әрекет етудеміз. Өйткені, біздің болашағымыз осы жастардың қолында. Қазір олар университеттерде діни білім алып, оны магистратурада, докторантурада жетілдіре алады. Оған мемлекет тарапынан барлық мүмкіндік қарастырылған.
Реті келгенде айта кетейін, Сайрам ауданында ғана емес, жалпы Түркістан облысында имамдардың білімін тексергенде 17 пайыз ғана жоғары білімді болып шықты.
— Мұны сұраған себебіміз, Сайрам ауданы өзге ұлт өкілі көп қоныстанған өңірге жатады. Сондықтан, біздің елдің алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі, ол – елдің бірлігін, тұрақтылығын сақтау. Бұл бойынша имамдар қандай шараларды атқаруда?
— Дұрыс айтасыз. Сайрам ауданында 35-ке жуық ұлт бар. Менің бала кезден байқағаным қариялар «Қазақ халқына қарыздармыз. Олар біз келгенде үйінен орын беріп, тамағын бөлісті. Егін егіп, отбасымызды асыруымыз үшін жерін де берді», — деп жиі айтып отыратын. Бұл кезде көзіміз көрген ақсақалдардың қатары сиреп барады. Сондықтан, біз уағыз айтқанда осы оқиғалы үнемі тілге тиек етіп отырамыз. «Ынтымақ», «бірлік», «татулық» деген ұғымдар барлық мемлекетте бірінші орында тұратын мәселе.
Сайрам да өңіріміздегі көпұлтты аудандардың біріне жатады. Сол себепті өзбек ұлты көп қоныстанған ауылдарда қазақ имамдарына уағыз айттыруды ойластырып жатырмыз. Ал, өзбек ағайындарын қазақ ұлтына апарып, уағыз айтқызбақпыз. Мұндағы мақсатымыз тұрғындарға имамдар ешқашан бөлінбейді дегенді түсіндіру, көрсету болмақ.
— Алдағы уақытта атқаратын бұдан өзге де жоспарларыңызбен бөліссеңіз…
— Салт-дәстүріміз бен әдеп-ғұрпымызға, дінімізге жат ағымдармен күресу мақсатында бірнеше ғалым ұстаздармен кездесулер ұйымдастырмақпыз. Олармен уәделесіп қойдық. Олардың арасында ұстаздарымыз Ризабек Батталұлы мен Арман Қуашбаев бар. Бұл шараларды Құрбан айттан кейін қолға алуды жоспарлап отырмыз. Жалпы елдің наным-сенімі бір болмайынша, ынтымағы ұйыспайды. Осыны естен шығармауымыз керек.
— Арыстан аға, діни білім алғысы келетін жастарға қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз…
— Діни білім алуды ойластырып жүрген жастардың имамдармен кеңескені дұрыс деп ойлаймын. Олар қайсы білімнің біздің менталитетімізге тура келетінін көрсетіп, жол сілтей алады. Қазіргі таңда Қазақстанда діни білім беретін жоғары оқу орындары жеткілікті деп ойлаймын. Жоғарыда айтып өткенімдей, жоғары білімді магистратурада, докторантурада да жалғастыруға барлық мүмкіндік жасалып отыр. Онда шетелдерде оқып келген мықты мамандар дәріс беруде.
— Соңғы сұрағымыз, діни кітаптарды қалай таңдаймыз?
— Жасыратыны жоқ, бүгінгі жастар кітаптан гөрі қолдарындағы смартфонға көбірек уақыт бөледі. Осы мәселенің алдын алу үшін біз мектептерде оқушыларды кітап оқуға баулитын жарыстар ұйымдастырып, әртүрлі сыйлықтар ұсындық. Пайғамбарымыздың ғ.с. өмір жолы жазылған кітапты оқудан да жарыс өткізді. Онда бірінші орын алған жеңімпазға Умраға жолдама, екінші орын алғандарға жылқа, үшінші орындарға сиыр, одан кейінгі орындарға бұқа, қошқар бердік.
Өз басым кітапты көп оқимын. Негізі кітап кез келген адаммен дос бола алады. Бірақ, барлық адам кітаппен дос бола алмайды. Бүгінде ғаламтордан уағыз, насихаттардың түр-түрін оңай табуға болады. Адамдар кітап оқып отырғанша, сұрағына жауапты интернеттен тыңдай салғысы келеді.
Қазір кез келген адам уағыз айта беретін болды ғой. Сондықтан, халық тәжірибелі мамандардың, дінтанушылардың, белгілі имамдардың ғана уағызын тыңдамаса, бекерге ұрынып қалады. Мұндай жағдайлар өте көп кездесуде. Жастарымыздың көпшілігінің жат ағымның жетегінде кетуінің бірден-бір себебі осы дұрыс жол көрсететін уағызды ажырата алмауында.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында сараптау бөлімі бар. Айтайын дегенім, діни бағыттағы кез келген кітапты ашып қарасаңыз «сараптаудан өткен» деген белгі тұрады, сондай кітаптарды ғана оқуға кеңес береміз. Пайда табу мақсаында шығарылған кітаптарды алудан аулақ болыңыздар. Олар адамды адастырады.
Дін аса мұқияттылықты, сауаттылықты, жан тазалығын талап етеді.
— Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға көп рахмет!