Өзге ұлт өкілдерін тілі мен мәдениетін, салт-дәстүрін дамытуға қолдау көрсетіледі

Сайрам ауданында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні аталып өтті. Мереке Рәміздер алаңында «Көк тудың желбірегені» атты іс-шарадан басталды. Аудандық мекеме-ұйым басшылары, ұрыс — қимыл ардагерлері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен төрайымдары, аудандық аналар кеңесінің мүшелері және жастар қатысуымен Мемлекеттік Әнұран аясында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтерілді.

Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Хасанов Бахытбек Сембекұлы аудан тұрғындарын мерекемен құттықтап, тәуелсіздігіміздің құндылықтарын құрметтеуге шақырды. Ары қарай аудандық Жастар Ресурстық Орталығының жастары Мемлекеттік Туды орталық алаңға дейін автошерумен жеткізіп, мерекенің маңызын айшықтай түсті.

Қ.Жандарбеков атындағы аудандық мәдениет үйінде мерекелік іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Жергілікті өнерпаздардың шырқаған патриоттық әндері мен орындаған ұлттық билері көпшілікті тәнті етті.

Реті келгенде айта кетейік, бүгінде елімізде мыңнан астам этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Бұл этномәдени бірлестіктердің мақсаты — мемлекетіміздегі ұлттар мен ұлыстардың бірлігі мен тұтастығын сақтай отырып, олардың мәдениеті мен тілін, салт-дәстүрін дамытуына қолдау көрсету. Оған мемлекет тарапынан барлық қажетті жағдай жасалынуда. Айтайын дегенім, осындай шаралардың нәтижесінде ұлт өкілдері елімізде атқарылып жатқан ауқымды, оның ішінде мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға бағытталған шараларға белсенді түрде атсалысып келеді. Осылайша, олар мемлекетіміздің алға қарай ілгерілуіне өз үлестерін қосуда.

Бүгінде Түркістан облысындағы Ассамблея жанында өзбек, славян, түрік, күрді, иран, қырғыз, тәжік, шешен-ингуш, татар-башқұрт, ұйғыр, грек этномәдени бірлестіктері жұмыс істейді. Сонымен қатар, қоғамдық келісім кеңестері, аналар кеңестері, ғылыми-сарапшылық топ, медиация кеңесі, медиация кабинеті, қайырымдылықты үйлестіру, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы, «Достық» және «Айбын» клубтары, ақпараттық-насихаттық топтар да бар. Осы аталған құрылымдар өздеріне бекітілген бағыттар бойынша жұмыс істеуде.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *