БАҚ өкілдері «Масс-медиа туралы» заң жобасын талқылады
Түркістан қаласындағы «Алатау» медиа орталығында «Масс-медиа туралы» Қазақстан Республикасының Заңы жобасының тұжырымдамасын талқылау бойынша жиын өтті.
Келелі басқосуға Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Бахыт Ахымбетов, Қазақстанның Журналистер одағы Түркістан облысы филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай, «Turkistan Media Holding» ЖШС-ның Бас директоры Жанахмет Ағыбаев, сондай-ақ, қалалық, аудандық БАҚ басшылары мен өңір журналистері қатысты.
– Қай кезде де халықтың мұң-мұқтажын, мәселесін көтеріп, билік пен халықтың арасында дәнекер болып жүретін журналистер қауымы бүгін өздеріне қатысты мәселені талқылады. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жуырда «Масс-медиа туралы» Заңның жобасы мен тұжырымдамасын «Ашық НҚА» сайтына орналастырған болатын. Министрлік қазіргі уақытта осы заң жобасына қатысты ұсыныс-пікірлерді жинап жатыр. Былтыр наурызда Президент халыққа арнаған Жолдауында «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» жаңа заң қабылдауды тапсырғаны белгілі. Жаңа заң енді «Масс-медиа» деп аталады. Жобада бірқатар жаңа ұғымдар кездеседі. Мәселен, журналистке берілетін «баспасөз картасы» бар. Ақпарат саласындағы жұмыстарды, қарама-қайшылықтарды реттеу үшін кәсіби қоғамдық кеңес құру көзделген. Баспасөзге жазылуды, пошта қызметін субсидиялау, мемлекеттік тапсырыстарға грант енгізу мәселелері қамтылған. Журналистік сұрау салу мерзімін жеті күннен бес күнге қысқарту ұсынылған. Сонымен бірге Қылмыстық кодекстегі «Журналистің жұмысына кедергі келтіру» бабын Әкімшілік кодекске ауыстыру мәселесі қарастырылып отыр, — деді филиал төрағасы Ғ. Елшібай.
Жиын барысында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Айгүл Қапбарова мен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілі Әлішер Мұқажан Zoom желісі арқылы медиакеңістікті сапалы контентпен қамтамасыз ету, БАҚ туралы заңды жетілдіру бойынша пікір білдіріп, журналистердің сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ жиын барысында айтылған кейбір мәселелерге түсінік берді. Сенатор өз сөзінде заң жобасының биыл желтоқсан айында Парламенттің қарауына түсуі мүмкін екенін алға тартты.
Сонымен қатар жиында «Қазақстан» Ұлттық арнасының тілшісі Айнұр Ақбаева, белгілі медиаменеджер Тельман Бейсен, «Өзге пікір» газетінің бас редакторы Шадияр Молдабек, «Ордабасы оттары» газетінің директор-бас редакторы Ғалымжан Зиябек, «Түркістан» қалалық газетінің директор-бас редакторы Мәлік Әлмахан, «Кентау шұғыласы» газетінің директор-бас редакторы Қайрат Зайнишев, «Алғабас» газетінің директор-бас редакторы Абзал Әділбек, теріскейлік танымал журналист Нұржамал Майусова, «Оңтүстік» телеарнасының тілшісі Нұрмахан Кенжехан, тележурналист Төребек Байтасов, «Рейтинг» газетінің бас редакторы Бақытжан Әбдірашұлы сөз алып, заң жобасына қатысты ұсыныстарын айтты. Нәтижесінде ұсынылған құжат жан-жақты талқыланып, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне Қазақстан Журналистер одағы атынан жолданбақ.
Басқосуды Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Бахыт Ахымбетов қорытындылады.
«Бүгінгі басқосудың басты мақсаты — Баспасөз туралы Заң жобасының ашық талқылауы. Бұл талқылау қазір өңірлерде жүргізіліп, 27 қаңтарға дейін жалғасады. Оған дейін де бірнеше кездесулер ұйымдастырылып, талқылаулар болады деп ойлаймын. Айтылмай қалған ұсыныстарды сол жерде тыңдап, талқылаймыз. Өз тарапымыздан басқосуға дайынбыз», — деді Бахыт Ахымбетов.
Жалпы, қолданыстағы Заң 1999 жылы әзірленген және онда бекітілген бірқатар анықтамалар өзектілігін жоғалтты. Ұсынылып отырған жаңалықтар енгізілген құқықтық қатынастардың қандай да бір түрлерін реттеу нысанасын толық көлемде көрсетуге мүмкіндік беретін «мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралы», «мемлекеттік ақпараттық саясат», «масс-медиа», «грант», «субсидия», «корреспонденттік пункт», «Журналистердің құқықтары туралы Ұлттық баяндама» сияқты жаңа ұғымдарды енгізуді талап етеді», — деп жазылған заң жобасының тұжырымдамасында.
Айта кетсек, «Масс-медиа туралы» Заң жобасын талқылаған жиын тікелей эфирде Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің әлеуметтік желідегі парақшасынан көрсетілді.