Сайрам ауданында тұрғын үй құрылысы қарқын алды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тұрғын үй – халықтың әл-ауқатын арттыратын басты фактордың бірі. Мемлекет осы бағытта нақты жұмыстар атқарып келеді», – деп атап өткен болатын. Президенттің бұл сөзі бүгінде өңірлерде жүзеге асып жатқан әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобалар арқылы айқын көрініс табуда.

Солардың бірі – Түркістан облысы. Соңғы жылдары бұл өңір еліміздегі әлеуметтік-инфрақұрылымдық даму қарқыны ең жоғары аймақтардың біріне айналды. Облыс құрылған сәттен бастап тұрғын үй құрылысы бір сәтке де тоқтаған емес. Соңғы жеті жыл ішінде құрылыс саласындағы көрсеткіштер бірнеше есеге өсіп, нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Мәселен, 2018 жылы облыстағы құрылыс көлемі 140 млрд теңге болса, 2024 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 536,2 млрд теңгеге жетіп, 3,8 есе артқан. Бұл – құрылыс индустриясының ғана емес, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған кешенді саясаттың жемісі.

Сол сияқты пайдалануға берілген тұрғын үй алаңы үш есе өсіп, 1153 мың шаршы метрге жетті. Егер 2018 жылы 388 мың шаршы метр ғана тұрғын үй пайдалануға берілсе, бүгінде бұл көрсеткіш облыс халқының өсімі мен сұранысына сай деңгейге жақындады. Түркістан облысы құрылған сәттен бері 8449 отбасы коммуналдық баспанамен қамтамасыз етілген. Бұл – мыңдаған азаматтың баспана мәселесінің оң шешім тапқанын білдіреді. Дегенмен, қазіргі таңда облыс бойынша 69 мыңға жуық азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Осы қажеттілікті өтеу мақсатында мемлекет тарапынан бірқатар бағдарламалар іске асырылуда. Мәселен, «7-20-25» бағдарламасы және «Отбасы банк» арқылы 5000-нан астам отбасы әлеуметтік кредиттік үйлерге қол жеткізсе, жалдамалы тұрғын үй үшін төленетін ақының 50 пайызына дейін субсидиялау жобасы арқылы 2000-нан астам отбасына қолдау көрсетілді.

Осы тұста Сайрам ауданында жүзеге асып жатқан тұрғын үй құрылысы ерекше назар аударуға лайық. Аудан халқы тығыз қоныстанған және әлеуметтік сұраныс жоғары болғандықтан, мұнда тұрғын үй құрылысы басты бағыттардың бірі ретінде қарастырылып келеді. Қазіргі таңда бірнеше ірі жоба қолға алынған.

Ақсукент ауылдық округіне қарасты Әйтеке би аумағында жеке кәсіпкердің қаржыландыруымен 2025 жылы екі қабатты, әрқайсысы 48 пәтерден тұратын екі кредиттік тұрғын үй салынбақ. Жалпы алаңы 0,85 гектарды құрайтын бұл үйлерде 1, 2 және 3 бөлмелі пәтерлер қарастырылған. Бұл бастама – әлеуметтік топтардың тұрғын үйге деген сұранысын қанағаттандыруға бағытталған.

Сонымен қатар, Қарасу ауылдық округіне қарасты Ақбастау ауылында 48 пәтерлік екі қабатты арендалық тұрғын үйлердің құрылысы басталды. Бұл жоба да әлеуметтік осал топтар үшін баспананың қолжетімділігін арттыруды көздейді.

Аудан үшін аса ауқымды әрі стратегиялық маңызға ие жобалардың бірі – Қарасу ауылында 57 гектар аумақта бой көтеретін жаңа мөлтек ауданның құрылысы. Бұл аумақта 2820 пәтерлік 47 бес қабатты тұрғын үй салу жоспарланған. Пәтерлердің жалпы ауданы 173 мың шаршы метрді құрайды. Ішкі құрылымы мынадай: 1-бөлмелі – 705, 2-бөлмелі – 705, 3-бөлмелі – 1410 пәтер.

Жобаларды жүзеге асыру аукцион негізінде жүргізіліп, 1980 пәтерден тұратын 33 тұрғын үйдің мердігерлері анықталды. Бүгінде 10,34 гектар аумақта 21 тұрғын үйдің құрылысы басталып кеткен. Бұл үйлер пайдалануға берілген соң, Сайрам ауданында жүздеген отбасы жаңа әрі жайлы баспанаға қол жеткізеді.

Сайрам ауданында жүзеге асып жатқан тұрғын үй құрылысы – облыстағы әлеуметтік саясаттың нақты нәтижесі. Мұндай жобалар өңір халқының өмір сүру сапасын арттырумен қатар, елдің әлеуметтік тұрақтылығына серпін берері сөзсіз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *