«Сарыағаш» шипажайын жақсарту мәселесі пысықталды

Облысымызда емдік-сауықтыру туризмі дамып келеді. Онда  Сарыағаш ауданының үлесі зор. Өңір аумағындағы 75 шипажайдың 60-сы осы ауданда. Оның үшеуі статистика органдарына әлі тіркелмеген. Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде Сарыағаш шипажайлары мен олардағы мәселелер қаралды. Өңір басшысы жауапты құрылымдарға мұқият қарауды тапсырды. 

Жиын барысында «Сарыағаш» емдеу оңалту кешені» ЖШС басшысы Төлеген Байсейітов өз кезегінде шипажайдың қазіргі жағдайы туралы баяндады. 2024-2028 жылға дейінгі дамыту жобасын таныстырды. Биыл сондай-ақ, корпустың ішін, қасбетін ағымдағы жөндеу мен шатырын ауыстыру жұмыстарын жүргізу жоспарланып, қазіргі уақытта жобалық- сметалық құжат дайындалған. Сонымен қатар абаттандыру жұмыстары да қолға алынбақ. Өңір басшысы жұмысты қысқа мерзім ішінде қайта жандандырып, кемшіліктерді түзету бойынша нақты тапсырмалар берді.

Бұдан бөлек облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев баяндама жасап, облыстағы жалпы туризм саласының дамуына тоқталды. Қазіргі таңда емдік туризмнің басты келелі мәселелері қызмет көрсету сапасының төмендігі, шипажайлардың ретсіздігі және ұңғымалар санының аздығы болып отыр. Аталған мәселелерді шешу жолдары ұсынылды. Сонымен қатар облыс әкімдігі тарапынан атқарылған мониторинг жұмыстары баяндалды.

Айта кетейік, «Сарыағаш» емдеу-оңалту кешені» ЖШС 2013 жылы облыстық коммуналдық меншіктің құрамына қабылданған. 2023 жылы демалушылар саны 15 416 адамды құрады. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 480 адамға өскен. Мұнда азаматтарды емдеу, оңалту және сауықтыру ісі бойынша 37 қызмет түрі жүзеге асырылады.

Айта кетейік, жалпы облыс көлемінде 12 минералды су көзі орналасқан.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *