Халық арасында салық төлеудің жауапкершілігін күшейтетін акциялар бастау алды

Ағымдағы жылдың мемлекеттік бюджет жоспарын сапалы орындау және көлеңкелі экономиканың алдын алу мақсатында, Кентау қаласы мен оның ауыл аймақтарында түрлі шаралар атқарылып келеді. Қаладағы салық түсімдерін арттыру үшін Мемлекеттік кірістер басқармасы қосымша кіріс көздерін іздестіруде және кәсіпкерлік нысандарын тұрақты түрде тексеруде. Бұл шаралар бюджетке түсетін қаржының артуына және заңды салық төлеушілердің құқығын қорғауға бағытталған.

Кентау қаласы мен оған қарасты ауылдарда экономикалық белсенділікті арттыру үшін көлеңкелі экономиканың алдын алу жұмыстары өзекті болып отыр. Осы мақсатта Мемлекеттік кірістер басқармасы қала және ауылдық аймақтардағы кәсіпкерлік нысандарын үздіксіз тексеріп, салық төлеу тәртібін қатаң қадағалауда.

Мұндай шаралар жергілікті бюджетке түсетін салықтарды арттырып қана қоймай, халық арасында салық төлеудің жауапкершілігін күшейтеді. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті көлеңкелі экономиканы азайту және халық арасында салық төлеудің мәдениетін дамыту үшін бірқатар акциялар өткізуде. Өңірде 2025 жылға арналған екі маңызды акция бастау алды.

Біріншісі, «Чекті талап ет – жүлде ұтып ал» акциясы. Қазақстан Республикасы бойынша өткізілетін осы акцияның мақсаты — азаматтарды сатып алу немесе ақылы қызметтерді пайдалану кезінде фискалдық чектерді талап етуге ынталандыру. Акция аясында, чектерді талап еткен азаматтар ақшалай және басқа да бағалы сыйлықтарды ұтып алу мүмкіндігіне ие болады. Аталмыш акция 2025 жылдың 3 сәуірінен бастап 31 желтоқсанға дейін еліміздің барлық аумағында өткізіледі.

Акцияның негізгі мақсаты — азаматтарды кассалық тәртіпті сақтауға шақыру, сонымен қатар көлеңкелі экономиканы азайту және фискалдық бақылауды күшейту. Чектерді талап ету арқылы халық салық жүйесіне көбірек назар аударып, өзінің құқықтарын қорғай алады.

Екіншісі, «Бәйге» акциясы. Бұл акция да көлеңкелі экономиканы азайту мақсатында ұйымдастырылып отыр. «Бәйге» акциясында ең көп фискалдық чектерді тіркеген жеке тұлғаларға 100 000 теңге көлемінде ақшалай сыйақы беріледі. Акция республика көлемінде 2025 жылғы 1 мамырдан бастап 31 желтоқсанға дейін өтеді. Акцияның негізгі ерекшелігі — әрбір өңірден (барлығы 20 жеңімпаз — әр облыс пен республикалық маңызы бар қаладан бір жеңімпаз) ең көп чек тіркеген азаматқа ақшалай сыйақы беріледі. Әр тоқсанның қорытындысы бойынша үш кезеңмен өткізіледі. Атап айтар болсақ, І-кезең 1 мамырдан екінші тоқсанның соңына дейін, ІІ-кезең үшінші тоқсан ішінде, ал ІІІ-кезең төртінші тоқсан ішінде өткізіледі.

Бұл акцияға қатысу үшін «Amian» мобильді қосымшасы арқылы тауарлар, жұмыстар және қызметтер үшін төлем жүргізілген чектерді тіркеу қажет. Акцияның өткізілуі халықты чектерді талап етуге ынталандырады, бұл өз кезегінде салықтық тәртіпті нығайтуға және көлеңкелі экономиканың көлемін азайтуға көмектеседі.

Мемлекеттік кірістер комитетінің акциялары азаматтардың салықтық құқықтары мен міндеттерін түсінуге, салық төлеудің мәдениетін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Бұл шаралар мемлекеттік бюджетке түсетін қаржыны арттырып қана қоймай, экономикалық белсенділікті күшейтіп, жалпы ел экономикасына оң әсерін тигізеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *