Ащысай өркендеуге бет алған ауыл
Сан-салалы игі істермен ерекшеленіп, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамудың жаңа кезеңіне қадам басқан Ащысай ауылында бүгінде көптеген маңызды жұмыстардың жүзеге асырылып жатқанын мақтанышпен айта аламыз. 336 үйде 2176 тұрғыны бар ауылда тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру мақсатында бірқатар ауқымды жобалар қолға алынған.
Айталық, Ащысай ауылының халқын ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Бүгінде «Ащысай Су» МКК ұйымдастыруымен Құлымбетов, С.Мұқанов, Жамбыл, Желеу ақын көшелерінің тұрғындары тәулік бойы ауыз сумен қамтамасыз етілуде. Сонымен қатар, ауыл мен Кентау қаласы арасындағы қоғамдық көлік қатынасы «Тұлпар-2030» ЖШС-і арқылы бекітілген кесте бойынша жүзеге асып келеді.
Қыс мезгілінде ауыл көшелерінің қардан тазартылуы жүйелі түрде жүргізіліп отырады. Тұрғындар үшін жайлы әрі таза орта қалыптастыру мақсатында санитарлық тазалау жұмыстары тұрақты түрде қолға алынуда. Бұл ретте ауылдағы 3000-ға жуық ағаш әктеліп, 100-ден аса қураған ағаштар кесіліп, олар аз қамтамасыз етілген көп балалы отбасыларға отын ретінде таратылды.
Ауылдың көркін ашып тұрған нысандардың бірі – Құлымбетов көшесіндегі саябақтағы «Мәңгілік өшпес от» ескерткіші. Бұл нысан да назардан тыс қалмай, әктеліп, сырланып, ретке келтірілді.
Ауыл аумағында 22 көп қабатты және 314 жеке тұрғын үй орналасқан. Сондай-ақ, 9 бюджеттік мекеме жұмыс істеп тұр. Бұл нысандар жылу маусымында түрлі энергия көздерімен қамтамасыз етіледі: тұрғын үйлер мен 1 мекеме қатты отынмен (көмір), 3 мекеме сұйық отынмен (солярка), 5 мекеме электр қуатымен, ал 1 мекеме газбен жылытылады. Бұл ауылдағы әртүрлі энергия көздерінің тиімді пайдаланылып жатқанын көрсетеді.
Энергетика саласындағы жаңғырту жұмыстары да назардан тыс қалмағанын айта кетейік. «Кентау электр желілері» мекемесінің 2023-2024 жылдарға арналған инвестициялық жобасы аясында 1РП-1 жоғары кернеулі трансформаторы орнатылып, тозығы жеткен 21 дана ағаш бағаналар темір-бетон бағаналарға ауыстырылды. Бұл жұмыстар электр қуатының сапасын жақсартуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді.
Ауылда төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында бірқатар маңызды шаралар жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – №12 өрт сөндіру бекетінің қайта ашылуы. Бұл бекет мемлекеттік сатып алу арқылы іске қосылып, ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарып отыр. Сонымен қатар, дала өрттеріне қарсы ерікті мобилді топ құрылып, олар қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілді.
Ащысай – бірлігі жарасқан, келешекке нық қадам басқан ауыл. Әлеуметтік жағдайды жақсарту, инфрақұрылымды дамыту, тұрғындардың әл-ауқатын көтеру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатыны сөзсіз.