Кентау білім беру инфрақұрылымының жаңа кезеңі

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан – Адал еңбек пен озық білім елі» тұжырымдамасында білім беру жүйесін жаңғыртуды ұлттық даму стратегиясының негізгі өзегіне айналдырды. Осы бағытта Кентау қаласының білім бөлімі де өз қызметін мемлекет басшысының тапсырмалары мен «Білімді ұлт» ұлттық жобасы аясында жүйелі түрде ұйымдастырып келеді.

Оқу жылында қала мектептеріндегі үлгерім 100%-ды құрап, білім сапасы 57,3%-ға жетті. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай жақсарған. Облыстық пән олимпиадаларына қатысқан 43 оқушының 37-сі жүлделі орын иеленіп, 3 оқушы республикалық деңгейде жеңіске жетті. Бұл жетістіктер – білім беру сапасын арттыруға бағытталған нақты жұмыстардың жемісі. Кентаудағы білім беру инфрақұрылымы да жылдан-жылға жаңарып келеді. Білім беру жүйесі – елдің әлеуметтік, экономикалық және мәдени дамуының негізі. Ал осы жүйенің тиімді жұмыс істеуі тек педагогикалық кадрлар мен оқу бағдарламаларына ғана емес, сонымен қатар инфрақұрылымның сапасына тікелей байланысты. Білім беру инфрақұрылымы – бұл мектеп ғимараттарынан бастап, кабинеттердің жабдықталуы, ақпараттық-коммуникациялық технологиялармен қамтылуы, санитарлық-техникалық жағдайларға дейінгі бүкіл материалдық база.   Қазіргі таңда сапалы білім беру үшін қолайлы оқу ортасы қажет. Зерттеулер көрсеткендей, мектеп инфрақұрылымының жақсы жабдықталуы оқушылардың үлгеріміне, сабаққа қатысуына және жалпы мотивациясына оң әсер етеді. Жаңа ғасырда білім беру инфрақұрылымы тек парталар мен тақталармен шектелмейді. Цифрлық технологиялар – білім берудің бөлінбес бөлігіне айналды. Интернетке қосылған компьютерлер, интерактивті тақталар, цифрлық платформалар (мысалы, Kundelik.kz, Bilimland, Moodle) – оқушылар мен мұғалімдерге білім беру процесін жеделдетіп, қашықтан оқуға мүмкіндік беріп отыр. Соңғы уақытта бірнеше жаңа мектеп ашылып, ескілері күрделі жөндеуден өтті. Жекеменшік «Bastau» және «Grant High School» мектептерінің іске қосылуы – білім саласындағы бәсекелестікті арттырып, ата-аналар мен оқушыларға таңдау мүмкіндігін берді. Сонымен қатар, 25 мектептің барлығында сыртқы әжетханалар жойылып, санитарлық талаптарға сай ішкі тораптар салынды. Барлық мектептер кең жолақты интернетпен қамтамасыз етілді, бұл — цифрлық білім беру бағытының дамуына серпін берді. STEM, робототехника, химия, физика, биология кабинеттері жабдықталып, жаңа технологиялармен жұмыс істеу мүмкіндігі артты. «Coworking» орталықтарының ашылуы оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға зор үлес қосып отыр. Бұл жолда мемлекет, қоғам және жеке сектор бірігіп, инфрақұрылымдық жетіспеушілік мәселесін еңсере бастады. Білім берудегі инфрақұрылым – білім сапасының іргетасы. Тек жоғары білікті мұғалімдер ғана емес, сонымен қатар сапалы оқу ортасы да табысты білім берудің ажырамас бөлігі. Қазақстанның болашағы білімді ұрпақтың қолында десек, олардың сапалы білім алуы үшін кенді қалада осылайша барлық жағдай жасалынып келеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *