Кентау қаласының әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуында маңызды жобалар жүзеге асырылуда

Кентау қаласы 2024 жылы экономикалық өсіммен аяқтады. 2025 жылға арналған жоспарлар мен жобалар да өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағынан дамудың жаңа деңгейіне көтерілуіне мүмкіндік береді.

Айталық, 2024 жылы Кентау қаласының ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 12,3 млрд. теңгені құрады. 2025 жылға жоспарланған 14,4 млрд. теңгеге қол жеткізу үшін нақты шаралар мен жобалар қолға алынған.

Сонымен қатар, қаланы дамытуға арналған жобалардың да өз кезегінде берері көп болмақ. Қазіргі таңда Кентау қаласының әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуында маңызды жобалар жүзеге асырылуда. 2025 жылға арналған «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 4 ауылда құны 995,5 млн. теңгені құрайтын 7 жоба іске асырылатын болады. Қарнақ, Құсшы ата, Байылдыр және Хантағы ауылдарында 202 млн. теңгеге 27 көшеге (22 шақырым) орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл жобалар ауылдардың инфрақұрылымын жаңартуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.

Қарнақ ауылында мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары жалғасады, оған 793 млн. теңге бөлінген. Бұл жоба тұрғындардың мәдени қажеттіліктерін қамтамасыз етуге, ауылдың әлеуметтік дамуын қолдауға ықпал ететін маңызды қадам болып табылады.

Қала тұрғындарын табиғи газбен және жылу жүйесімен қамту жұмыстары да қарқынды түрде жүргізілуде. Мәселен, 2024 жылы Кентау қаласында ішкі орам жылу жүйелерін қайта құру жұмыстары жүргізілді. Қала мен ауылдардың табиғи газбен қамтылуы да жоспарланып отыр, атап айтқанда Хантағы, Қарнақ және Байылдыр ауылдарына газ тарту жұмыстары жүргізіледі. Бұл шаралар тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға, энергия ресурстарының қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар, Кентау қаласында 8 аулаға спорт және ойын алаңшалары орнатылмақ, бұл балалар мен жасөспірімдер үшін қолайлы жағдайлар жасайды.

Президентіміздің бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жүзеге асырылуда, бұл науқан жыл бойы жалғасып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді. Қала мен ауыл тұрғындарын табиғатты таза ұстауға, көгалдандыру жұмыстарын жүргізуге шақыру маңызды. Кентау қаласы мен оның аумағындағы тұрғындарға экологиялық тәрбие беру және көгалдандыруды насихаттау мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылуда. Әрбір азаматтың қоғам алдындағы экологиялық жауапкершілігін арттыру қажет екені сөзсіз.

2024 жылы ұйымдастырылған «Үлгілі ауыл» облыстық конкурсы өңіріміздің экологиялық жағдайын жақсартуға және тұрғындарды абаттандыруға бағытталған үлкен бастама болды. Байқауда жеңімпаз ауылдар мен аудандық деңгейде үздік болған елді мекендерге әлеуметтік нысандар салынатын болады. Кентау қаласында да осындай конкурстар өткізу жоспарлануда. Мұндай шаралар қаланың одан сайын көркейіп, тұрғындардың ортақ іс-шараларға атсалысуын қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Кентау қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуында аталған жобалар мен шаралар маңызды рөл атқаратын болады. Жалпы әрбір тұрғынның қоғамға қосатын үлесі, экологиялық мәдениет пен таза орта қалыптастыру міндеттері жүзеге асқанда, Кентау қаласының жаңа серпінмен дамитынын ұмытпайық!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *