Олжас Бектенов Қостанай облысында көлік және энергетикалық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі Президент тапсырмаларының жүзеге асырылуын тексерді
Премьер-министр Олжас Бектенов Қостанай облысына жұмыс сапары барысында Президенттің Ұлттық құрылтай мен Қауіпсіздік Кеңесінің IV отырысында айтылған автожол желісін дамыту, Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіру, энергиямен жабдықтау жүйесін жаңғырту және жаңартылатын энергия көздерін дамыту бойынша тапсырмаларының орындалу барысын тексерді.
Арқалық қаласында Премьер–министр өңірлер арасындағы көлік қатынасын жақсартуға бағытталған «Орталық – Батыс» күре жолын салу жөніндегі жобаның жағдайымен танысты. Жаңа автомагистрал Астананы Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік бағытымен байланыстырады. Жоба халықаралық стандарттарға сай заманауи жол салуды көздейді. Көлік вице-министрі Сатжан Аблалиев үш жол айрығын, 20 көпірді, теміржол арқылы өтетін бір жол өткелін, елді мекендерге кірме жолдар салу жоспарланып отырғанын баяндады. Нәтижесінде, Астанадан батыс облыстарға қатынайтын бағыт 560 шақырымға қысқарып, 5 сағатқа жылдам жетуге мүмкіндік береді.
Көлік министрлігінің мәліметінше, трассаның техникалық санаты III деңгейден II деңгейге көтеріледі. Жаңа бағыт 70 мың тұрғыны бар 13 елді мекенді қамтиды. Өткізу қабілеті тәулігіне 3 мың автокөлікке жетеді. Жалпы, жобаны іске асыру қаланы еліміздің солтүстігі мен оңтүстігі, сондай-ақ Орталық Азия мен Ресей арасындағы негізгі логистикалық торапқа айналдырады. Бұл сенімді көлік қатынасын қамтамасыз етіп, өңірдің бизнесі мен экономикасын дамытуға серпін береді.
Премьер-министр автожол құрылысын бір ай ішінде бастауды тапсырды.
«Бұл – тікелей Президенттің тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан жоба. Бүкіл еліміз үшін, Торғай өңірі үшін маңызды жол. Сондықтан бұл іске аса жауапкершілікпен қарау маңызды. Бір ай ішінде жоба бойынша жұмысты бастап, оны жылдам әрі сапалы жүргізу керек. Жаңа жол бойында бизнеске мүмкіндіктер ашылады. Бұл – өңірге жаңаша серпін беретін жоба. Сондықтан министрлікпен бірлесіп тиісті жұмыстар жүргізу қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.