Шөпшек сүйіп отырған Гүлсін әжеден алар өнеге көп

Түркістандық Гүлсін Ибрагимова 1944 жылы дүниеге келген. Ол өзі 45 жыл жұмыс істеген мектебі мен оқушыларын сағынады. Альбомының ішіндегі суреттерінің қайсы бірін қолына алып қараса да өмірінің ұстаздық жолы жарқ ете қалады. Ақ жаулықты ана еңбек жолын Хамза мектебінде кітапханашы болып бастаған екен. Кейіннен өзі жұмыс істейтін мектепте биология пәнінің мұғалімі болып балаларға сабақ берді. Жолдасы да сол білім ұясында тарих пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Екеуі бес ұл мен екі қызды тәрбиелеп өсіріп, үйлі-жайлы еткен. Осы перзенттерінен Гүлсін Ибрагимова 27 немере, 87 шөбере, екі шөпшек сүйіп отырған бақытты әже.

Бір қызығы, Гүлсін әженің балаларының бәрі ұстаздық жолды таңдапты. Тіпті, дәрігер болуды армандаған ұлы Елхан Ибрагимов та ұстаз болғанын айтады.

— Анам балаларының барлығын жоғары оқу орнында оқытуды армандаған екен. Бүгінде ол осы арманына жеткен жан. Балаларының бәрі де жоғары білімді әрі өзі секілді ұстаз болды. Тіпті, менің өзім де дәрігер мамандығыен таңдағаныммен, медициналық колледжде студенттерге дәріс бердім. Қазір декреттік демалысқа шықтым. Айтайын дегенім, біздің әулетте балалар да келіндер де барлығы ұстаздық жолды жалғастырып, ұстаз тәрбиесімен айналысып келеді. Арамызда жоғары оқу орнында оқытушы, балабақша тәрбиеші болып жұмыс істейтіндер де бар, — дейді Елхан Ибрагимов.

— Біз кезінде бір нанға зар болған уақытты басымыздан өткердік. Шүкір, қазір еліміз егемендік алып, халыққа мемлекет тарапынан көптеген жағдай жасалуда. Оқу орнын бітіріп келген жастардың жұмыспен қамтылуына да көңіл бөлінгені мені қуантады. Балалары оқып, еңбек етуден жалықпаған ел ғана болашағын зерделеп, алысқа барлай алады, — дейді ақ жаулықты ана.

Бүгінгі таңда Түркістан қаласында 16 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Орталықтарда күнделікті 60-70 зейнеткер, ал айына 120-150 адам тиісті қызметтерді пайдаланады. Жыл басында 3480 адамға қызмет көрсету жоспарланса, қазіргі таңда оған 2240 зейнеткер қамтылған. Орталықта қарияларға әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-ағартушылық және өзге де көмектер көрсетіледі. Қарттардың алаңсыз тынығып, салауатты өмір салтымен шұғылдануына барлық жағдай жасалған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *