Волейбол ойнайтын апа
«Әжелер ансамблі» дегенді естіп жүрміз. «Қолөнерші әжелер», «Салт-дәстүрге баулитын апалар» сияқты командаларды да көптеп кездестіруге болады. Ал, енді ардагер апалардан құралған волейболшылар командасы бар дегенді естіген кезде таңғалғанымыз рас. Волейболшы апалар Мақтаарал ауданы, Асықата өңіріндегі Абай ауылдық округіндетұрады. Осы ауылдағы «Әйелдер ұйымының» төрайымы, ардагер апалардан құралған «Гүлдер» волейбол командасының капитаны Қалдыгүл Мұратованың шаңырағына арнайы ат басын бұрып бардық.
Спорт адамды әруақытта да сергектікке баулитыны ақиқат қой. Қалдыгүл апа да зейнеткер деуге келмейтіндей, қағылез келген апай екен. Жатсынған жоқ, ә дегеннен-ақ әңгімеміз жарасып кете берді. Шайды да құйып беріп жатыр, әңгімені де айтып жатыр.
-Мен Созақ ауданының тумасымын. Әкем Ахмет Мәтенов бұрынғы Калинин кеңшарында қызмет істеді. Жұмысты беріліп істегенінің арқасында сол кездегі ең үлкен награда – Социалистік Еңбек Ері атағын иеленді. Анам Гүлзия екеуі 11 ұл-қыз өсірді. Мен тұңғыштары болдым. Әке-шешеміз біздерді еңбекке ерте бастан-ақ баулыды. Әкемнің өзі бізге бас болып, бүкіл бала-шағамен бірге лайдан кірпіш құятын едік. Мынау ұлдың жұмысы, мынау қыздың тірлігі деместен, қандай қара жұмыс болса да кірісіп кете беретін едім. Қара жұмыс істеп жүрсем де сабақты жақсы оқыдым. Ауылдағы орта мектепті 1973 жылы «Алтын медальмен» бітірдім. Сөйттім де Алматыдағы медициналық институтына құжат тапсырдым. Алайда оқуға түсе алмадым. Қайтсем де бір оқуға түсу керек болғандықтан Жетісайдағы педучилищеге келіп оқуға қабылдандым. Сонымен бірге Алматыдағы политехникалық институттың барлаушы-геолог факультетін де сырттай бітірдім. Мен оқудан жалықпайтын адаммын десем де болады. Осы педучилищені басында дене шынықтыру мамандығы бойынша бітірсем, кейіннен тағы да құжат тапсырып, педагог мамандығын иелендім, — деп Қалдыгүл апа әңгімесін бір қайырды.
Тағдыр Қалдыгүл апаны осы Асықата өңірінің тумасы Жұмабек Мұратов есімді азаматпен табыстырыпты. Оның әпкесінің үйінде Қалдыгүл апайлар пәтер жалдап тұратын-ды. Сол кісінің үйіне барып-кеп жүріп, Жұмекеңнің көзі Созақтың сұлу қызына түссе керек. Әпкесі де осы қызға іштарта қарап, ойы кетіп жүретін. Барлық сабақты үздік оқитын, өзі епті, пысық қыздан кім айрылғысы келеді.Не керек, жылжымалы мехколоннада инженер болып еңбек етіп жүрген жас жігіт пен болашақ мұғалима қыз екеуі көңіл жарастырып, шаңырақ көтереді.
Ауылдың ескі аты «Винсовхоз» деп аталушы еді. Мұнда қазақтан басқа ұлт өкілдері көп болды. Орыс, грек, неміс, шешен сияқты ұлыстардың өкілдерімен жергілікті халық емен-жарқын араласып жататын. №25 Титов атындағы мектепте осы ұлттардың бәрінің балалары араласып оқыды. Қалдыгүл апайдың да алғашқы еңбек жолы осы білім ошағында басталды. 2 жыл дене тәрбиесінен дәріс берді. Кейіннен бастауыш сынып мұғалімі болып ауысты. Бастауыш сыныптардың әдістемелік жетекшісі болды. Дене тәрбиесінен мұғалім болып жұмысты бастағандықтан болармектептегі спорттық іс-шаралардан қол үзбеді. Оқушы балалар арасындағы небір эстафеталық сайыстарды, «Толағай» секілді жарыстарды өзі ұйымдастырып, шапқылап жүретін.
-Спортпен шұғылданғаныңызға үйіңіздегілер қалай қарады? Ата-енеңіз, немесе жолдасыңыз үндеген жоқ па? – дейміз біз.
-Келін боп түскен күні кешке волейбол ойнағанмын. Ауыл жастары ойынның көрігін қыздырып жатыр екен, барып қосылып кеттім. Ол кезде қыз-жігіттер бірдей волейбол, баскетбол сияқты ойындарды ойнай беруші еді ғой. Ата-енем түсінігі мол жандар еді. Енем артық сөзі жоқ, жуас адам болды. Маған түсінстікпен қарады. Мен тек дене тәрбиесінен ғана сабақ өтіп, басқа уақытта қарап отырғаным жоқ қой. Азанғы сағат 6-да тұрып алып, сиыр сауамын, сүт пісіремін, ауылда не істеу керектің бәрін жүгіріп жүріп атқара беретінмін. Себебі, оу бастағы өз үйімде көрген тәрбие сондай болды. Шешемнің үйреткендерін ендігі уақытта енем толықтырып отырды. Зейнетке шыққан соң өзім секілді спортқа ебі бар ардагер апайлардың басын қосып, волейболшылар командасын құрдық. Осы кезде күйеуім сәл қарсылық білдірді. Ақырында үйренді. Қазір біздің ойынымызға өзі барып, жанкүйер болып отырады, — дейді волейболшы апа.
Аудандық деңгейдегі жарыстарға қатысып, жеңіс тұғырынан көрініп жүрген зейнеткер волейболшы апалардың құрамын да Қалдыгүл апа өзі таңдап, спортқа өзі тартты. «Гүлдердің» сапында өнер көрсететін апалардың дені өзі секілді зейнеткер ұстаздар. Мектеп директорының жұбайы Нұржамал Сапарханованы «біз үлгі көрсетпесек, кім көрсетеді» деп отырып құрамаға қабылдады. Сол сияқты бастауыш сынып мұғалімі болған Айгүл Жамбылова, оқу існің меңгерушісі болған Айнұр Байымбетова, музыка пәнінің маманы болған Бибігүл иманқұлова, өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі Құралай Бақпанбетова, тағы бір бастауыш сынып мұғалімі Ұлданай есімді апайлар құлаштап тұрып допты ұрғанда анау-мынау жігіттеріңнен кем түспейді екен.
-Мектептегі спорттық шаралардың ортасында жүргеніммен, ер адамдардан бізге доп тиетін түрі көрінбейді. Сол кезде өз алдымызға осындай команда құруды ойладым. Енді тағы бір баскетбол командасын құрсам деймін. Себебі, жастайымнан осы ойынды жақсы ойнадым, — дейді Қалдыгүл апай.
Спортшы апа мен құрылысшы ағаның бауырынан 3 ұл, 5 қыз өрбіді. Үлкен үйден өз алдарына енші алып шыққан соң бала-шағамен тынбай жұмыс істеді. Мектептің жұмысы өз алдына, үйдегі мал бар, егістік жер бар, бәрінің де ығытын тауып, үлгеретін. Жекешелендіру басталғанда бұлардың еншісіне 90 сотық жүзімдік тиді. Бала-шағасымен жүзім байлайды, сурады, шөбін жұлады, піскен кезінде шелек-шелек жүзімді Арнасай жаққа апарып пұлдап келетін. Жүзім еккен алғашқы жылы өнімнен түскен ақшаға бір сиыр сатып алды. Малдың басы болған осы сиыр бұлардың ауызын аққа жарытты. Біраз жылдан кейін-ақ Жұмабек ағамыз бен Қалдыгүл апаның қорасынан 30-ға тарта зеңгі баба тұқымы өріске кетіп бара жататын болды.Тырбанып істеген адамға жұмыс қашан да табылады. Жері болғанымен, кетпен ұстауға мойны жар бермей жататындар аз емес. Сондай бос жатқан жерлерді жалға алып, бұл әулеттің адамдары қауын-қарбыз егумен де айналысатын. Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды дегендей, 90-шы жылдардан кейінгі дағдарыстардан осындай еңбекқорлықтың арқасында бұл жанұя сыр бермей шықты. Сол тірлікті әлі атқарып келе жатыр.
Ата-ананың өнегелі тәрбиесі ұрпағын биіктерге жетелейді. Еңбекпен есейген ұл-қыздары жоғары білім алып, алды үйлі-баранды болып отыр. Үлкен қыздары Жанар мұғалім болып еңбек етеді. Ұлдың үлкені марат Алматыда мұнай-газ саласында жұмыс істейді.Қолдарындағы Азат есімді ұлдары Асықатада дәрігер. Тағы бір мұғалім қызы Алмагүл Жетісайға тұрмысқа шыққан. Асқар мен Дина студенттер, кенжелері Ботагөз 10 сыныпта оқиды екен. Тұрмысқа шыққан қыздар мен отау құрған ұлдарынан барлығы 8 немере сүйіп отыр. «Ата-әже» деген бал тілдерін қызықтаған Жұмекең мен Қалдыгүл апай Алланың осы көрсеткеніне мың қайтара шүкірлік айтып келеді.
-Әдепкіде әже деген сөзге құлағым үйрене алмай жүргенімен, енді осы сөздерін есіткім келіп отырады. Өйткені өзімді әлі келін санаймын, үлкен енелер мен аталарды көрсек иіліп сәлем саламыз. Біздер осылай ізет көрсетіп отырған соң жас келіндер өздері-ақ үлгі алады, — дейді Қалдыгүл апа.
«Алтын алақадан» бөлек Қалдыгүл апаның аудан басшылығы тарапынан алып жүрген «Алғыс хаттары» бір төбек екен. Ауданды әр жылдары басқарған О.Нұржановтың, Қ.Хаметовтің, С.Тұрбековтің марапаттауларын көрдік. Былтырғы жылы зейнет демалысына шыққан кезде мектеп басшылығы білім беру жүйесінің дамуына елеулі үлес қосқаны үшін «Ерен еңбегі» медалін тапсырыпты. Ал, спорттағы жетістіктеріне берілген гармоталарды санамалап жатпадық.
Салауатты өмір салтын сөзбен емес, іспен дәлелдеп жүрген зейнеткер апамызға спорт шолушылары айтатынындай «жеңісті күндерде жолыққанша» деп қоштастық.