Жүрегі мейірімге толы Жазира

Түркістан қаласы №6 жалпы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Нұрмаханова Жазира апай биыл 4 сынып оқушыларын бітіртіп, орта буынға өткізіп жатыр. Ұстаздың бұл күндері көңіл-күйінің қалай құбылып жүргені айтпаса да түсінікті. Апаймен сөйлесіп қалғанымызда, көзіне жас алып, балаларын қимай, бауыр басып үйреніп қалғаны соншалықты «балаларым 5 сыныпта мейірімді сынып жетекшісіне жолықса екен» деп күні-түні ЖҮРЕГІ МЕЙІРІМДІ АНАДАЙ тілеп жүргенін жасырмады. Міне, ұстаз! Білім беріп қана қоймай, жанашырлығын, қамқорлығын аямайтын рухани ұстаз!

Расында, мұғалім еңбегі ептілікті, сезгіштікті, шыдамдылықты талап етеді. Мұғалім бала жанын сезе білуге бейім болуы керек. Мұғалімнің балаға шынайы сезіммен, құрметпен қарауы, балада да мұғалімге деген сенімін тудырады. Мұғалім еңбегінің ерекшеліктері оның баламен үнемі қарым-қатынаста болуымен сипатталады. Сондықтан мұғалімнің жалпы дәрежелі болуы оның интеллектуалдық мүмкіндігі, ой-өрісінің кеңдігі, рухани байлығы педагогикалық процесті тиімді ұйымдастыруға зор ықпал жасайды. Мұғалім өз заманының білімді, мәдениетті адамы бола отырып, оқушыны оқи білуге, білім ала білуге үйретеді. Нұрмаханова Жазира апай сондай мұғалім дер едім!

Әйел адам болған соң эмоцияға тым беріліп кеттік пе, оқу бағдарламасы жайлы да өрбіген маңызды әңгімемізді ортаға ұсынайын.

— Жазира апай, баршамызға белгілі, оқу–тәрбие үрдісіне жаңа әдіс тәсілдерді енгізу оқушылардың білімге деген қызығушылығын, талпынысын арттырары сөзсіз. Осы орайда өзіңіздің бастауыш сыныпта оқытудың жаңа технологияларымен таныстырсаңыз. Қандай әдістерді қолданасыз?

— Иә, бұрынғы балалар мен қазіргі балалар деп екіге бөліп айтатын болдық қой. Қазіргі балалалардың өте гиперактивті екені баршаға белгілі. Оларды бұрынғы дәстүрлі сабақпен партада отырғызу мүмкін емес. Білім беру барысында жаңа технологияларды пайдалана отырып, оқушылардың білімге деген көзқарасын, құлшынысын арттыру мақсатында сабақтың қызықты өтуі мұғалімнің әрдайым іздену, тиімді әдіс-тәсілдерді қолдану, оқыту әдістемесін жаңартып отыруына байланысты. Бүгінде мұғалімдердің инновациялық және интерактивті әдістерді дәріс кезінде пайдалануы сабақтың сапалы әрі қызықты өтуіне ықпалы тиіп жатқаны аңғарылады. Сол себепті әрбір сабағымда әртүрлі әдіс-тәсілдерді қолданамын. Атап айтсақ, «Доп лақтыру» әдісін балалардың қызығушылығын, шапшандығын, тез ойлау қабілетін дамыту мақсатында қолданамын. Сондай-ақ жоғарыда айтқандай, сабақ барысында міндетті түрде бір топтық жұмыс жүргіземіз. Өйткені балалар топтық жұмыс кезінде бір-біріне өз ойларын еркін жеткізуге тырысады, кейбір тұйық балалар топтаса жұмыс орындау арқылы бір-бірімен жылдам түсінісіп кетеді, мұғаліммен пікір алмасады, ізденеді, осылайша өз бетінше шешім қабылдауға үйренеді. Сол себепті әрбір сабақта топтық жұмыс болған дұрыс деп ойлаймын.

— Оқушыны шығармашылыққа баулуда баланың мінезіне, икеміне, бейімділігіне қарай баулу дұрыс деп ойлайсыз ба? Осы ретте тұйық балалардың тасада қалып қоятыны бар дегендей…

— Иә дұрыс айтасыз. Шығармашылыққа баулуда баланың бойындағы мінез-құлықтарға міндетті түрде назар аударған жөн. Кейбір ата-аналар «баламның мінезі тұйық, көп сөйлемейді» деп, өз балаларын тани алмай жатады. Осы орайда баланың мінез-құлқын қалыптастыруда осы кезең өте күрделі екенін атап өткім келеді. Таңертең ерте жұмысқа кетіп, кеш оралған ата-аналар баламен сөйлесуге, оның неге әуес екенін байқауға, не қалайтынына, жалпы ішкі дүниесіне үңілуге, тіпті үй тапсырмасын бірге орындауға уақыт таппай жатады. Барлығы деп айта алмаймын, бірақ осындай жағдайлар жиі кездеседі. Көңіл бөлмегеннен, ата-ана мен бала арасында диалог болмағаннан бала іштен тұйықталып, өзін-өзі жоғалтып алуға дейін барады. «Баламның ештеңеге ықыласы жоқ» деген балалардың көбісі өлең оқығанды, сурет салғанды, кейбірі үндемей отырып, есеп шығарғанды ұнатады. Оларды барынша назардан тыс қалдырмай, жеке жұмыс жасауға тырысамын. Оқушыларымның барлығының бойында бір-біріне ұқсамайтын, ерекше бір қасиеттер бар секілді көрініп тұрады, олардың барлығы маған бір-бір дарын иесі.

— Десе де, қай сабақта болсын жауап беруге тілек білдірмейтін баламен қалай жұмыс жасау керек? Оларға қаталдық танытып, ұрысқаннан жағдай реттеле ме?

— Мұғалім алғашқы сабақтан бастап әр баланың жеке ерекшеліктерін, ынта-ықыласын, оқу мен еңбекке ұқыптылығын ескере отырып оқу үрдісін жүргізуі керек. Оған қоса бүгінгідей интернеттің дамыған кезінде мұны ескерудің маңызы зор. Мүлдем сабаққа қызықпайтын баланың өзіне әртүрлі жеке жұмыс дайындап келуге болады. Сондай тапсырмалар арқылы баланың қызығушылығын арттырған абзал. Мен өз басымдағы құпияммен бөліссем, «Әдебиеттік оқу» пәнінен минутқа оқытамын. Бірінші сыныпта баланы нормативке жеткізу үшін оқи алмайтын оқушыларды бір минут емес, екі минут оқытамын. Сонда баланың «көп сөз оқыдым екен» деп оқуға деген ынтасы артып, талпына оқып жатқанын байқаймын. Осы тәжірибені үнемі қабілеті төмендеу оқушыларға қолданып отырамын. Ұстаз еңбегінің мақсаты — әрбір оқушы жүрегіне жол таба білуінде. Бала жүрегіне жол таба білмеген, білмеді деп ұрыса берген мұғалім кейде оны өзіне қарсы қойып алады деп ойлаймын.

— Жаңа оқулықтарға байланысты дау-дамайлар жыл өткен сайын азаяр емес. Бірде кітап мазмұнына шағым айтса, бірде жетіспеушілігіне немесе сапасына сын тағылып жатады. Өздеріңіздің білім ұясындағы кітап мәселесіне тоқтала кетсеңіз.

— Біздің кітаптарымызда айтарлықтай олқылықтар кездесті дей алмаймын. Рас, математика кітабында тапсырмалар өте көп берілген. Тапсырмалар көп болғандықтан кейбір оқушылар тақырыпты меңгеруі қиынға соғады. Сол себептен үнемі ата-аналарға «бағдарлама күрделі, мектепте — мұғалім, үйде ата-ана ұдайы қадағалап, балаға көмек беріп, демеп отырыңыздар» деп айтып отырамын, осы мықты үштік байланыс арқылы оқушының алда одан да қиын тапсырмаларды алып кететініне сенімдімін. Біздің мектеп кітапханасында кітап мәселесі жоқ, 100% оқушылар оқулықтарымен қамтамасыз етілген, сондай-ақ ой-өрісін дамытып, оқуға деген қызығушылығын арттыру үшін ертегі, әңгімелер сияқты түрлі әдеби кітаптарды кітапханадан алып, оқып отыруларын қадағалаймын

— Осы уақытқа дейін қанша шәкірт тәрбиелеп шығардыңыз? Осыдан 5-6 жыл бұрынғы оқушы мен қазіргі оқушының арасында айтарлықтай айырмашылықтар бар ма?

— Мен осы уақытқа дейін жүзге жуық шәкірт тәрбиелеппін. Олардың ішінде болашағынан зор үміт күттіретіндері өте көп. Оларды өз балаларымдай ойлап, балалар биіктен көрінсе екен деп армандаймын.

Әрине, «бұрынғы оқушы мен қазіргі оқушы» деген тіркестің пайда болғанын айтып өткенімдей, олардың арасы жер мен көктей десе болады. Неге? Нақты жауап – ол телефон, ол ғаламтордың шырмауы. Бесіктен жатқан бүлдіршіннен бастап телфоннан бас алмайды. Жылаған баланы телефонмен жұбатамыз. Бұл қазіргі қоғамның басты дерті болып отырғаны өкінішті. Алға қалай дамып жатырмыз деп қуанып жатқанымызбен, телефон мәселесі ұрпағымыздың санасын улауда. Соның әсерінен қазіргі оқушылардың алған білімдерін есте сақтауы бұрынғы оқушыларға қарағанда төмен. Ата-аналар осыған бей-жай қарамаса екен деймін.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *