Құрметке лайық құралай ханым

Шардара ауданында мақтаулы дәрігерлердің қатары аз емес. Солардың бірі – өзінің кішіпейіл мінезімен, адами қасиетімен, кісілік келбетімен көптің құрметіне бөленіп жүрген Құралай Көбелекова десек жаңылыспаспыз, сірә. 40 жылға таяу уақыттан бері Гиппократ антына адалдығынан айнымастан, адам жанының арашашысы болып келе жатқан Құралай Төленқызы туралы көп айтуға да, жазуға да болады. Себебі, Құралай ханым қандай құрметке де әбден лайық жан.

Құралай Төленқызының туып-өскен жері – әулиелердің мекені саналатын Созақ өңірі. Қызылкөл елді мекенінде балалық шағы өтті. Мектеп бітірген соң оңтүстік астанаға жол тартып, дәрігерлік оқуға құжат тапсырды. Дәлірек айтатын болсақ, Алматы мемлекеттік медицина институтына 1979 жылы оқуға қабылданып, 1985 жылы дәрігер-педиатр мамандығын иеленіп шығады. Міне, жоғары білімді дипломды иеленген осы жылдан бастап Шардара аудандық орталық ауруханасында жұмыс істеп келе жатыр. Аудандық орталық ауруханада учаскелік педиатр дәрігер болып басталған еңбек жолы кейінен балалар бөлімшесінің меңгерушісі, одан аудандық медицина бірлестігі бастығының ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары сынды қызмет баспалдақтарына ұласты. 2009 жылдан бастап аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары қызметін атқарып келеді.

«Дарақ бір жерде көгереді» дейді халқымызда. Десе дегендей, бір орында табан аудармай еңбек етіп келе жатып қаншама сырқат жандардың дендеріне шипа сыйлап, алғыс арқалады. Қаншама адамның жанына араша болып, үзілген үміттерді жалғады. Ана мен бала денсаулығын нығайту жолында атқарып келе жатқан ерен еңбегі халықтың көз алдында өтіп келеді.

Құралай Төленқызы Шардара ауданында мана айтқанымызда 40 жылға таяу үздіксіз қызмет атқарып, өңірдің медицина саласының дамуына, өсіп-өркендеуіне сүбелі үлесін қоса білді. Қазақстан Республикасы Президентінің жыл сайынғы Жолдауларын халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге, жаңадан ендіріліп отырған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша және басқа да саяси өзгерістер мен іс-шараларды насихаттауда өз пікірін азаматтарға ашық түрде жеткізе келеді. Өзінің ұзақ жылғы бай тәжірибесін пайдалана отырып, «Бала жастағы ауруларды ықпалдастыра жүргізу» (ИВБДВ) бағдарламасын ендіруге атсалысты. Бір сөзбен айтқанда, аудан халқының денсаулығын жақсартуға, денсаулық сақтау саласында жүргізіліп жатқан реформаларды табысты іске асыруға белсене күш салып келеді. «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының іс жүзінде орындалуына бар саналы ғұмырын арнап келеді десек артық айтқандық емес.

Құралай Көбелекова Әлібек Ақбаев есімді азаматпен көңіл жарастырып, Сыр бойына келін болып қадам басады. Әлекең екеуі 1 ұл мен 2 қызды өмірге әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Бүгінде ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, олардан немере сүйіп отыр. Ұлдары Алматбек ана жолын жалғастырып, медицина саласын таңдады. Қазіргі таңда Шардара аудандық орталық ауруханасында рентгенолог, ультрадыбыстызерттеу (УЗИ) дәрігері болып қызмет атқарып келеді. Қыздары Айнұр педагогика саласы бойынша  жоғары білім алса, кіші қыздары Маржан да ана жолын қуып, дәрігерлікке бет бұрды. Бүгінде Шымкент қаласында кардиолог дәрігер қызметін абыроймен атқарып жүр.

Құралай Төленқызының медицина саласына сіңіріп жүрген қажырлы еңбегіне лайықты бағалар беріліп жүр. 2002 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің грантына ие болды. Әр жылдары облыс, аудан әкімдерінің грамоталары, «Алғыс хаттарымен» марапатталғанын мерзімді басылымдарда жариялап отырдық. 2013 жылы «Qurmet-AB» қоғамдық бірлестігінің «Мінсіз қызметі үшін» медалін өңіріне қадаса, 2018 жылы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісін иеленді. Алайда, Құралай Көбелекова үшін халықтың алғысынан артық марапат жоқ.

–Енді дәрігер болғандықтан адамдардың денсаулығын нығайту, науқастарды ауруларынан айықтырып отыру міндетіміз саналады ғой. Біз үшін ана мен баланың амандығы бәрінен қымбат. Мемлекетіміз медицина саласына қажетті қамқорлықтың барлығын да жасап келеді. Соңғы жылдары біздің шағалалы өңірде ана өлімі мен сәби өліміне жол берілмей келеді. Орталық ауруханамыз соңғы технологиялармен, медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп,  облыстық және республикалық деңгейдегі іс-шаралар мен семинар-кеңестер өтуде. Әріптестерім өз істерінің мамандары,  тәуліктің қай мезгілінде де адам жанының арашашысы болуға дайын тұрады.  Мен олармен әрқашан да мақтанамын және құрмет тұтамын, — дейді Құралай Төленқызының өзі.

Теріскейде туып, шағалалы өңірге келін болуды жазған тағдырына біздің кейіпкеріміз дән риза. Береке-бірлігі жарасқан Шардара өңірі өзгеге ұқсамайтын табиғатымен ерекшеленеді. Қызылдың құмы мен шалқар теңізі әрбір шардаралықтардың мақтанышы. Бұл ауданда 80 мыңға жуық халық ғұмыр кешіп, бірі мал шаруашылығымен, енді бірі егін шаруашылығымен айналысады. 22 ұлттан құралған аудан халқы бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп, еңбекқорлықтың, ауызбірліктің үлгісін көрсетіп келеді. Ал, осынау тұрғындардың дені Құралай Көбелекованы жақсы таниды. Қалтқысыз қызмет көрсетіп, айналаға мейірім шуағын таратып жүрген ақ халатты абзал жанға айтар алғыстары шексіз. Халықтың құрметіне бөленгеннен артық не бар сірә!

Әділ Әбдіраманов

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *