Түркістан облысында бүгінге дейін 25 696 бала демалды
Түркістан облысында 998 мектеп жанындағы тамақпен және тамақсыз лагерлерде 320 641 бала қамтылды. Тарқатып айтар болсақ, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың 35 434 бала бюджет есебінен тегін жазғы сауықтырумен қамтылуда, ал 20 мыңнан аса бала ата-аналар есебінен ақылы түрде, «Қазақстан халқы қоры» есебінен 3421 бала демалады делінген.
Бүгінгі таңда 25 696 бала демалды. Жазғы демалыс 20 тамызға дейін жалғасады. Жазғы демалысты ұйымдастыру жөніндегі облыстық штаб құрамы бекітілген. Штаб өкілдері мен білім басқармасының, білім бөлімдерінің қызметкерлерімен жазғы сауықтыру қызметін ұсынған лагерьлердегі балалардың жай-күйі, қауіпсіздігі мен жазғы демалыстың ұйымдастырылуы назарға алынды, аптасына екі рет мониторинг жасалуда.
Жазғы сауықтыру барысында балалар түрлі бағыттағы танымдық, мәдени, шығармашылық, спорттық шараларға тартылуда. Сондай-ақ, әр ауданнан 10 баладан 170 бала Бәйдібек, Отырар, Төлеби, Түлкібас, аудандары мен Түркістан қаласына саяхатқа барды және Астана қаласына 50 баланың саяхаты жоспарлануда.
Жазғы лагерьлер бірнеше ауысыммен жұмыс істейді, осылайша маусым айының өзінде облыстағы 7 мыңнан астам оқушы демалыстарын мазмұнды өткізді. Жалпы сауықтыру лагерьлері жаз бойы 6-8 ауысымда қызмет көрсетеді деп жоспарланған.
Биылғы жаз мезгілінде Түркістан облысында 31 сауықтыру лагері қызмет көрсетеді. Олардың 9-ы – мемлекеттік, 22-сі – жекеменшік. Сонымен қатар өңірде мектеп жанындағы бір мезгіл тамақпен қамтитын 350 лагерь және 648 ойын алаңшасы балалар үшін қызмет көрсетеді. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда арнайы дайындықтан өткен 14 446 педагог қызметкер жұмыс істейді.