Көпбалалы аналарға «Күміс алқа» табысталды
Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы көпбалалы аналарды қабылдап, оларға салтанатты түрде «Күміс алқа» белгілерін табыстады. Марапаттау рәсімі барысында аудан басшысы аналарды лайықты наградалармен құттықтап, әйелдердің қоғамдағы орны туралы айтып өтті.
Ол өз сөзінде: «Көпбалалы ана – бұл мемлекеттің алтын діңгегі. Өмірдің барлық жағдайында ата-ана тәрбиесінің орны орасан зор. Балаға ананың қамқорлығын, жылуы мен мейірімін ешбір адам баласы бере алмайды. Қоғамда көпбалалы аналарға көрсетіліп жатқан қамқорлық жыл санап артып келеді. Сіздермен өмір басталады. Сіздер барда, әлем бар. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін ақ жаулықты аналар, оның ішінде көпбалалы қыз-келіншектер көп болғай. Әрбір шаңырақта татулық, береке, ырыс-ынтымақ болсын»,- дей келе көпбалалы аналарға арнайы дайындаған сый-сияпаттарды табыс етті.
ҚР Президентінің 2024 жылғы 20 маусымдағы №582 Жарлығымен «Күміс алқа» белгісін алған ең жас ананың бірі Гүлназ Сарбаева. Ол Балтакөл ауылында тұрады. Жолдасы ауылдық ауруханада кіші қызметкер болып жұмыс жасайды. Көпбалалы ана нәзік жандыларды арнайы қабылдап, құрмет көрсеткен аудан басшысына аналық алғысын айтып, ризашылығын жеткізді.
Бүгінде Отырар ауданында 82 батыр ана, «Алтын алқа» орденімен марапатталған 680 ана, «Күміс алқа» орденімен марапатталған 1265 ана, І-ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған 150 ана бар.
Облысымызда 179 мың көп балалы ана бар. 2500 «Батыр ана», 17 мыңға жуық «Алтын алқа» иегерлері саналы ұрпақ өсіруде. Біз 44 мыңға жуық «Күміс алқа», 4 мың «Ана даңқы» орденінің иегерлерімен мақтанамыз. Ардақты аналарымыз тек отбасының ұйытқысы ғана болып қоймай, қоғамның барлық саласында жемісті еңбек етіп келеді.